ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық барысын пысықтау мақсатында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов аудандағы бірқатар сайлау учаскелерін аралап, олардың сайлауға дайындығымен танысты.
Зерделеу барысында сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы, дауыс берушілерге жасалған жағдай, учаскелердің талапқа сай қажетті құрал-жабдықтардың толық қамтамасыз етілуі назарға алынды. Сондай-ақ, азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау, учаскелердің санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Сонымен қатар білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы, ғимараттардың тазалығы мен абаттандырылуы, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілуі қаралды.
Аудан әкімі жауапты тұлғаларға сайлау учаскелерінің дайындығын толық аяқтап, белгіленген талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ сайлау күні тұрғындардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

















