ТОЙ МӘДЕНИЕТІ – ҰЛТ МӘДЕНИЕТІ

⠀
Той мәдениетін қалыптастыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мейрамхана иелері, асабалар және аудан тұрғындары қатысты.
⠀
Жиынды аудан әкімі Ербол Жиенқұлов ашып, қоғамда той мәдениетін қалыптастыру, ысырапшылдықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәселелерінің маңыздылығына тоқталды.
⠀
Күн тәртібіндегі негізгі баяндаманы аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек жасап, ауданда той өткізу тәртібін жүйелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
⠀
Одан кейін аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдос Майнаусов қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ойын-сауық орындары мен мейрамхана иелері арасында тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, көпшілік жиналатын орындарда заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін жеткізді.
⠀
Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі топ жетекшісі Динара Омарова жасөспірімдердің қауіпсіздігіне тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты. Оның мәліметінше, жыл басынан бері түрлі мекемелермен бірлесіп 200 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған.
⠀
⠀
Облыстық «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам белсендісі Ринат Нұрақбаев «Той мәдениетін қолға алу» жобасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, тойды даңғазалыққа емес, ұлттық тәрбие мен дәстүрге негіздеп өткізудің маңызын атап өтті.
⠀
Жиын барысында мейрамхана иелері, асабалар мен аудан тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, той мәдениетін жетілдіруге қатысты ойларын ортаға салды.
⠀
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов тойлардың белгіленген уақытта басталып, уақытылы аяқталуы, сондай-ақ қоғамдық тәртіптің сақталуы әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты жалғасатынын жеткізді.















