Тоқаев: Кения – Қазақстанның Африкадағы сенімді стратегиялық серіктесі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған бірлескен брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Кения Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы тарихи сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Президенттің айтуынша, Кения Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі әрі сенімді сауда серіктестерінің бірі саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елдің соңғы жылдары қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және халықаралық дипломатия салаларында елеулі табысқа жеткенін атап өтті. Сондай-ақ Найробидің БҰҰ құрылымдары орналасқан маңызды дипломатиялық орталыққа айналғанына тоқталды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның өткен жылы Найробиде елшілік ашқанын еске салып, бұл қадам еліміздің Кениямен ұзақмерзімді әрі сенімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін көрсететінін айтты. Бұл – Қазақстанның Африкадағы алтыншы дипломатиялық өкілдігі.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды. Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм және өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар екі ел арасында тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бидай және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка нарығына жеткізуге мүдделі екенін айтты. Осы мақсатта Момбаса портын пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл порт Шығыс Африкадағы ең ірі логистикалық хабтардың бірі болып саналады және аймақтағы сегіз мемлекетке шығуға мүмкіндік береді.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан нарығында Кенияның шайы мен кофесі кеңінен ұсынылған. Алдағы уақытта кениялық өнімдерді Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне экспорттау мүмкіндігі қарастырылмақ.
Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыру мақсатында Қазақстан–Кения Іскерлік кеңесін құру бастамасы көтерілді. Мемлекет басшысы бұл кеңес нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, өзара сауда көлемін ұлғайтуға тың серпін беретінін атап өтті.















