Бесағаштағы жаңа спорт кешені – болашақ чемпиондарға берілген мүмкіндік

0
5

Amanat партиясы сайлауалды бағдарламасы аясында Жамбыл ауданының Бесағаш ауылында көптен күткен маңызды жоба жүзеге асты. Елді мекенде заманауи спорт кешені бой көтеріп, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Бүгінде бұл нысан жасөспірімдердің дене шынықтырумен тұрақты айналысып, үлкен спортқа қадам басуына жол ашып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бесағаш ауылы спорттық дәстүрі қалыптасқан мекен ретінде кеңінен танымал. Халық арасында «чемпиондар ордасы» атанған ауылдан қазақ күресі мен самбо бойынша әлемдік және азиялық жарыстарда топ жарған талай саңлақ шыққан. Соған қарамастан, ұзақ уақыт бойы ауылда заман талабына сай спорт нысанының болмауы өзекті мәселелердің бірі болып келді. Жастар жаттығу жасау үшін Қарой ауылына немесе Тараз қаласына қатынауға мәжбүр болды. Алайда бұл қиындықтар олардың жеңіске деген жігерін жасыта алмады. Бесағаштың спортшылары халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп жүрді.

2025 жылы ауыл тұрғындарының көптен бергі арманы орындалды. 5 мыңнан аса халқы бар елді мекенде бір мезгілде 150 адам спортпен шұғылдана алатын жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл нысан ауылдың маңызды спорттық әрі қоғамдық орталығына айналды.

Кешенде күрес, бокс, футбол, баскетбол және волейбол секілді спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Бүгінде мұнда 250-ге жуық бала 7 спорт түрі бойынша тұрақты түрде жаттығады. Оларға 13 бапкер тәлім беріп келеді. Ерекше атап өтерлігі, жаттықтырушылардың барлығы – осы ауылдың азаматтары.

Спорт кешенінің директоры Данияр Абиловтың айтуынша, жаңа нысан ауыл жастары үшін үлкен серпін берген.

– Біздің ауылдан әлем және Азия чемпиондары шыққан. Кеңес заманында да дүниежүзінде топ жарған ағаларымыз болған. Соған қарамастан, ауылда заман талабына сай спорт нысаны болмаған еді. Енді, міне, Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа спорт кешені ашылып отыр. Бұл – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік, – дейді ол.

Бүгінде Бесағаштағы жаңа спорт кешені жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ чемпиондардың қалыптасуына негіз болып отыр. Бұл нысан ауыл балаларына сапалы жаттығу жасауға жағдай туғызып қана қоймай, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттайтын маңызды орталыққа айналды.

Comments are closed.