ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА МҮМКІНДІК
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов «МерАЛКО» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.
Жиын барысында аудан басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен баяндап, бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Конституциялық комиссияға түскен ұсыныстар мен қоғамдық талқылаулар қорытындысы негізінде Негізгі заңды жетілдіруге арналған кешенді жоба әзірленген.
Жаңа редакция Кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатта «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі» атты жаңа бөлімдер қарастырылып, бірқатар тараулардың атауы мен мазмұны заман талабына сай жаңартылған. Сондай-ақ 77-бапқа және өзге де нормаларға өзгерістер енгізіліп, түзетулер Конституция мәтінінің елеулі бөлігін қамтып отыр.
Аудан әкімі ұсынылған өзгерістер тек редакциялық сипатта емес екенін ерекше атап өтті. Бұл бастамалар құқықтық айқындықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және мемлекеттің стратегиялық даму бағытын айқындауға бағытталған жүйелі конституциялық жаңғыру екені айтылды.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді.















