ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ
Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұлов «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аудан басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы жан-жақты түсіндіріп, атқарылып жатқан ақпараттық-насихат жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Аудан әкімі Конституциялық комиссияның қарауына келіп түскен ұсыныстар мен қоғамдық талқылаулар нәтижесінде Ата заңды жетілдіруге бағытталған кешенді жоба әзірленгенін айтты.
Жаңа редакция Кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатта «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі» атты жаңа бөлімдер қарастырылып, бірқатар тараулардың атауы мен мазмұны заман талабына сәйкес жаңартылған. Сонымен қатар 77-бапқа және өзге де нормаларға өзгерістер енгізіліп, тұтастай алғанда түзетулер Конституция мәтінінің елеулі бөлігін қамтиды.
Аудан әкімі ұсынылып отырған өзгерістердің тек редакциялық сипатта ғана емес екенін атап өтті. Бұл бастамалар құқықтық айқындықты арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және елдің стратегиялық даму бағытын жүйелі түрде қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді.
Кездесу соңында мекеме қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.















