Ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесі

0
36

Меркі ауданында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында жыл сайынғы дәстүрге айналған білім қызметкерлерінің «Тамыз кеңесі» өтті.

Кеңеске аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы Жұбандықова Назима Дәрменқызы және білім саласының қызметкерлері қатысты.
Тамыз кеңесін ашқан аудандық білім бөлімінің басшысы Алтынбаева Айгерім Аханқызы өткен оқу жылының жетістіктерін қорытындылап, алдағы оқу жылына дайындық барысы мен алға қойған межелерді баяндады.
Өткен оқу жылының соңында негізгі мектепті 1496 оқушы, 11-сыныпты 826 оқушы аяқтады. Қорытынды аттестаттау нәтижесінде негізгі мектеп бітірушілердің 206-сы Үздік аттестат, 11- сыныптардың 34-і Алтын белгі, 88 түлек Үздік аттестатты иеленді. «Алтын белгі» иегерлерінің 19-ы, яғни 67 пайызы 100 балдан жоғары балл жинаса, 6 түлек 100-ден төмен балл жинады. Олар №4, №16, №44, №19,№18 мектеп түлектері. Жалпы, ҰБТ-ға 826 мектеп бітірушінің 546-сы (66,1 пайызы) қатысып, аудан бойынша орташа балл 81% –ды құрады.
Жүйелі жұмыстар нәтижесінде 249-мектеп түлегі мемлекеттік білім гранттарының иегерлері атанды. Өткен жылмен салыстырғанда грант иегерлерінің саны 218-ден 249-ға жетіп, 5 пайызға өсу динамикасын көрсетті. «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасымен 8 түлектің білім алуына жол ашылып отыр.Алдағы уақытта да барлық мектептерде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасатын болады.
Аудандық білім қызметкерлерінің ауыз толтырып айтарлықтар жетістіктері көп. Халықаралық және республикалық деңгейде өткізілген байқауларда аудан педагогтары жеңімпаз атанып, алдыңғы қатардан көрінуде. Сондай-ақ, оқушылар да ұстаздарының жеңісті жолын жалғастыруда. Атап айтсақ, ХІІІ Халықаралық жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша Түркия мемлекетінде болған олимпиадада 9 оқушы (№9, №39 мектеп оқушылары), Ресей мемлекетінде өткен халықаралық олимпиадада 17 оқушы (№17, №39 мектеп оқушылары) жүлделі орындарға ие болды. Прага қаласында биология пәнінен болған халықаралық олимпиадада №17 мектеп-гимназиясының оқушысы І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2-7 сынып оқушыларының «Зерде» ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңіне 14 оқушы қатысып, 10 оқушы жүлдегер атанған.
Ауданда табысты мектептер мен мектеп басшыларын ынталандыру жұмыстары да жолға қойылған. 2021 жылы 12 мекеме басшыларына қаржылай сыйлық тапсырылды. Облыстық «Табысты менеджер» байқауында В.Савва атындағы №9 мектеп-лицейінің директоры Б.Қыстауов 1-орын иеленіп, іс-тәжірибесі аудан көлемінде насихатталуда. Бүгінгі күні аталған мектеп-лицейінің атауы өзгеріп Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейі, 2022 жылдың облыстық «Орта білім беретін үздік ұйымы» байқауында жеңімпаз атанып, 34 млн. теңгенің грантына ие болды.
Бүгінгі оқушы- ертеңгі біздің болашағымыз. Болашағымыздың жарқын болуы үшін әрбір баланың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету- басты парызымыз.Осы тұста, «Дені сау бала» жобасы аясында жасөспірімдерді спортқа бейімдеу, балалардың денсаулығын нығайту, қорғау жұмыстары да жүргізілуде. Ауданда балалар спорты жақсы нәтиже көрсетіп отыр, облыстық «Жас инспекторлар қозғалысы» XXI слетінде ауданнан қатысқан №17 мектеп-гимназиясының командасы бас жүлдені иеленсе, көркем-еңбек және технология пәні бойынша өткен «Тараз көктемі — 2022» облыстық қолөнер көрмесінде № 28, №9 мектеп оқушылары бас жүлде және 2 орынды иеленді.Республикалық «Ұлы өнертапқышқа алғашқы қадам» байқауында№6 мектеп оқушысы жеңіс биігінен көрінді.
Республикалық тоғызқұмалақ жарысында №28 мектеп оқушылары, Облыстық «Жас Ұлан» әскери-спорттық жарысында В.Савва атындағы № 9 мектеп-лицейінің оқушылар командасы, «Ұлттық мектеп лигасынан» №18,№30,№3,28 мектеп оқушылары жүлделі орындарды иеленді.
Алдағы уақытта да балаларға арналған «Дебат қозғалыстары», «Мектеп парламенті», «Балалар және театр», «Жылыжайлар» атты жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Тамыз кеңесінде облыстық «Үздік білім беру ұйымы -2022» байқауының жеңімпазы атанған М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің директоры Болатбек Қыстауов пен Халықарарлық, Республикалық шығармашылық өнер байқауларының көптеген жеңімпаздарын шығарған Оқушылар «Үміт» сарайының директоры Зауре Бейсенбаева өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Одан кейін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Рахымбайұлы аудан қызметкерлерін Тамыз кеңесімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Тамыз кеңесінде ауданның білім саласының жетістіктері тек айтылып қана қойған жоқ, сол жетістіктерге жеткен қызметкерлердің еңбектері бағаланып, әртүрлі марапаттар мен сыйлықтарға ие болды.
Бірқатар қызметкерлер Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталса, әр түрлі номинациялар бойынша үздік деп табылған білім беру мекемелеріне ақшалай сыйлықтардың сертификаттары табысталды.
Олар «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен және Ауданның білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі мен педагог мәртебесін арттырудағы еңбегі үшін Қойшыманова Нурила Сейсенбайқызы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Балалық шақ досы» медалімен «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығының директоры Мамикова Урияхан Оспанқызы, «Үздік білім беру ұйымы»- Қыстауов Болатбек Тәңірбергенұлы Мұхтар Ауэзов атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің директоры 300000 тг сертификатпен, «Үздік олимпиада мектебі» — Тлеубердиева Гулжан Ержанқызы, Темірбек Қожакеев атындағы №39 жалпы орта білім беретін мектеп –гимназиясының директоры, «Үздік мектеп- гимназиясы» — Иван Трубицын атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектеп –гимназиясының директоры Қалқабаева Асипа Асанқызы-250000 тг, «Үздік шығармашыл мектеп» -Бексултанова Мадина Болатовна – Асанбай Асқаров атындағы жалпы орта білім беретін мектеп –гимназиясының директоры -250000 тг, «Үздік инновациялық мектеп»- Қойшиманова Нурила Сейсенбайқызы- №5 жалпы орта білім беретін мектеп –гимназиясының директоры -250000 тг, «Үздік ауыл мектебі» — Мұратова Гулжамал Альметқызы, №16 жалпы орта білім беретін мектеп -250000 тг және бастауыш мектеп ұжымдары мен балабақша қызметкерлері ақшалай сертификаттарға ие болды.
Биылғы жылдың жаңалықтарының бірі -ротация. Басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану мақсатында аудандағы тәжірибелі білім беру ұйымдарының басшылары Қалқабаева Асипа Асановна, Тілеубердиева Гүлжан Ержановна, Байұзақова Гүлжан Төребековна, Какибаева Эльмира Карабаевна алғашқылардың қатарында ротацияға түсті.Бұл үрдіс басшылардың басқарушылық біліктілігінің нәтижесінде ұжымды кәсіби дамытуға жаңа серпіліс әкелетіні сөзсіз.
Осы тұста, ауданда ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету ісі өз жалғасын тапты. Ұстаз мамандығына адалдық, мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудағы ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында тамыз айында «Мектепке кел, жас маман!» атты білім қызметкерлеріне арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.Жәрмеңкеге жалпы 102 ваканция ұсынылды. Жаңа ережеге сәйкес 31-2 аралғында жұмысқа қабылдау конкурстары жүргізілетін болады.
Әр жұмыстың нәтижелілігін сараптау арқылы алдағы уақытқа нақты қадам мен мақсаттар белгіленеді десек, білім мекемелерінің жылдық атқарған қызметтерінің тиімділігін бағалау, білім сапасын арттыруға ынталандыру, білім беру жүйесінің дамуы жөнінде білім беру ұйымдарының жеткен жетістіктерін бағалау мақсатында облыстық білім басқармасы жыл сайын рейтинг жүргізіп отырады. 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша №9, №17, №39, №5, №1 мектептер, ауыл мектептерінен №16 мектеп, бастауыш мектептерден №25 мектеп аудандағы білім саласы бойынша көш бастап тұр.Мектепке дейінгі мекемелерден «Таңшолпан», «Балдәурен», «Ертөстік», «Қарлығаш», «Балдырған», «Балапан», «Айым» бөбекжай-бақшалары аудандағы үздіктердің қатарында.
Қосымша айта кетейік, ауданның білім беру кеңістігінде 60 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беретін 16 мекеме, 36 жалпы білім беретін мектеп және 6 қосымша білім беру мекемесі бар. Аталған білім мекемелерінде барлығы – 22239 бала оқып-тәрбиеленсе, 2703 педагог қызмет атқаруда.

А.Алтынбаева,
аудандық Білім бөлімінің басшысы

Comments are closed.