Тәрбиелік мазмұны бар кездесу
«Махаббатпен жылынған жанұя сенімді және мықты» тақырыбында Меркі ауылдық округінің аналар алқасы Байбосынова Роза Жапаровнаның ұйымдастыруымен жас отбасыларға кеңес беру мақсатында келіндермен кездесу наурыз мерекесі қарсаңында 16 өткізілді.
Кездесуге шақырылған 4 келіннің үшеуі Әсет, Азима және Жадыра қатысты.
Қазақ қыздарын қашанда қадір тұтқан. Ұлылыққа балаған. Төрін ұсынған. Себебі, қыз — өріс. Қыз – кие. Қыз – ұлтының ұяты. Қыз – халқының шырайы. Қыз — өмірдің бастауы. Қыз – тіршіліктің тірегі.Бұл қасиеттер қызғұмырдың пешенесіне әуел бастан-ақ бұлжымастай етіп жазылғандай. Ал сол ақ үрпек балапанын аялы алақанынан ұшырарда қай ата-ананың болмасын көңілі толқып, жан тебіренісіне түсері хақ. Сосын өзегін жарып шыққан балапанына: «Құтты орныңа қонып, бағың ашылсын!» деп Жаратқаннан тілек тілеумен болады. Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігімен қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті. Отбасын құру – үлкен абыройлы іс.
Кездесу еркін, көңілді ахуалда өту үшін «Таныс болайық» тренингі ұйымдастырылды. Мақсаты: Өзін таныстыру, жаңа ұжымға бейімделу, айналасындағыларға бірлесіп жұмыс жасауға жағдай жасау. Тренингтен кейін «Келін мен ене арасындағы оқиға» видеосы көрсетіліп, талқыланды.
«Тұрмысымыз тураланып, бақытымыз еселенсін десек» мазмұнында Исаева Ләззат шағын дәріс ұсынды.
«Қыз бала тұрмысқа шыққан кезде ер-азаматымды бақытты етемін» деген тілек болу керек. Алла талпынысымыз бен ниетімізге қарай беретінін ұмытпайық. Егер біз сүйіктімізді бақытты етуге талпынсақ, онда тұрмысымыз тураланып, бақытымыз еселенеді. «Мен тұрмысқа шықсам болды, мені сыйлайтын болады» деген жалған түсінік жарға жығады. Егер біз ішкі сезімімізді басу үшін тұрмыс құрсақ оның артында қиындық тұрады.
Тұрмысқа шығуда ең бастысы ниетіңіз түзу болу керек. Алла Хауа ананы жаратқан кезде Адам ата сұраған екен: «Ол маған не үшін керек?» деп. Сол кезде Алла: «Сенің жан тыныштығың үшін», — деген екен. Әйел адамның отбасындағы басты рөлі – өзін дәлелдеп, мықтылығын көрсету емес, күйеуіне жан тыныштығын сыйлау.
Қыз-келіншектердің тағы бір кемшілігі бірсарынды өмір сүруі. Ештеңеге қызықпайтын, тек үй мен жұмыстың ортасында жүретін болса, оған ер-азаматы қызықпайды. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, әрдайым ел назарында жарқырап, өзінің сүйікті ісімен айналысатын қыздарға сөз салатын жігіттер де көп болады. Ал солардың ішінен өз теңіңді табу өзіңе байланысты. Мен болашақ жарың мынадай болу керек деп айта алмаймын. Өйткені әр қыздың талғамы әртүрлі. Бірақ «осы адам менің болашақ күйеуім болады» деп таңдадың ба, оның кемшіліктерін де қабылдай біл.
Кездесуде «Ағайын» видеосы көрсетіліп, Дариға Дүйсекова өз ойын ортаға салды. Өз басынан өткен бірнеше жағдаяттарға тоқталды.
«Ашық микрофон» әдісі бойынша Қандай қиындықтарды бастан кешудеміз? сұрағы төңірегінде келіндер өз жағдаяттарын баяндады. Бірі көпбалалы отбасына келін боп түссе, бірі ата-анасы жоқ отбасының келіні, бірінің отбасында мүгедек туысы бар. Өмір болған соң оның қызықты да қиында кезеңдері болары сөзсіз. Сондықтан олардың ойынша үлкендерді сыйлау керек, ол сенің жарыңның ата-анасы не туысы. Енді бір айтар жағдай енелер өздері түсіндіріп жол көрсетсе, олар да түсінуге ұмтылатын болады.
Кездесуге қатысқан Меркі ауыл округінің бас маманы Сайраш Агадилова ер азаматтарын сыйлау туралы айтса, аналар алқасының мүшесі Сейдана Сабырбекова келіндердің сабырлы болуы туралы айтты. Кездесу соңында «Жас келінге кеңес» кітапшасы тарту етіліп, естелікке сыйлықтар ұсынылды.
Кері байланыс «Басбармақ» әдісі бойынша «керемет» деп бағаланса, өтілген іс-шара туралы төмендегідей ой-пікір білдірілді;
- Бүгінгі жас келінге арналған іс-шараға шақырылғаныма алғыс айтамын;
- Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді,-демекші көп нәрсе әйелге байланысты екендігін түсіндім;
- Бүгінгі тәрбиелік мәні бар кеңестен көп ақпарат, керемет әсер алдым;
- Мен бүгінгі іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын;
- Отбасылық өмір туралы ойларымызбен бөлістік.
Л.Исаева,
Аналар алқасының мүшесі