Алғыс айту — парызым!
Ұлтымыздың тұла бойында өз тарихына деген құрмет атам заманнан қалыптасып, қаны мен сүйегіне сіңіп кеткен. Сондықтан да болар халқымызда бабалар мұрасын, салт- санасын, өнері мен дәстүрін білу, сақтау ұрпақ бойына сіңіру аса маңызды ұстанымдардың бірі.
Шығыстың ұлы ойшылы әйгілі бабамыз Әл-Фараби «Өткенді білмей, бүгінгіні түсінбей, болашаққа болжам жасау қиын» — деген екен. Сол айтқандай бүгінде ауданымыздың тарихынан сыр шертетін бірден — бір мекеме Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейі болып табылады. Музейге бас сұққан әрбір келушіні табиғат залынан басталатын екі қабат, алты залдан тұратын музей әлемі өзіне баурап әкетеді. Музей қызметкерлері әр бір жәдігерге тоқталып сырын тарқатып береді.
Мұнда тұрған жәдігерлердің тарихтан алар орнынан бөлек оны музейге кім тапсырғаны немесе сыйға тартқандығы туралы сыр жатыр. Музей ашылғаннан бері аудан тұрғындары өздері қастерлеп сақтаған көптеген заттарды тапсырған болатын. Ол жәдігерлер сәйкесінше залдардан орын алып көпшілік назарына ұсынылып тұр. Күні бүгінге дейін тарихқа немқұрайлы қарамайтын жандар тарихи маңызы бар заттарды әкеліп сыйға тартып отырады. Міне осындай жандарға алғыс айту парызымыз.
Перизат Жұмабекова, музей қызметкері