Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!

0
153

Аса қамқор ерекше мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.
Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы сәуірдің 2-нен бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды Рамазан айының келуімен құттықтаймын.

Рамазан айы абзал айлардың үшіншісі ғана емес, он бір айдың сұлтаны, айлардың ең ұлысы болып саналады. Осы Рамазан айында Алла Тағала жер бетіне түсірген соңғы пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с) қасиетті құранды түсірді. Мұсылмандардың бес парызының бірі болған ораза ұстауды да осы айда парыз етті.
Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын»-деген. Бұдан байқайтынымыз адамдардың бір-бірін Рамазан айының келуімен құттықтау, шариғатымызда құпталған амал екендігіне негіз болмақ.
Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады»,- деді.
Рамазан айының мың айға татитын түні – Қадір түнін Алла өзінің жаратқан құлдарына тарту етті. Биыл Қадір түні сәуірдің 27-нен 28-не қараған түні өтеді. Қадір түні ең қасиетті түн. Осы түні Алланың әмірімен барлық істерді реттеу үшін жер бетіне сансыз көп періштелер мен Жәбірейіл (ғ.с) түседі. Жыл он екі айдың ішінде өтетін Ережеп, Шағбан, Рамазан айларында санаулы ғана қасиетті күндер мен түндер бар. Олар Ережеп айындағы Рағайып пен Миғраж түндері, Шағбан айындағы Бараат түні мен Рамазан айындағы Қадір түні.
Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Ораза нағыз шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырған.
Жалпы адамзат баласына осы үш айда ғана емес есі кірген кезден бастап мәңгілік мекеніне ұзап кеткеніне дейін жүректеріндегі иманды жоғалтпауға тырысуы керек. Яғни, адами қасиеттерін шыңдай түсіп, еңбекқор, білімді, адал, ізгі, үлгілі, мейірімді, қамқор, үлкендерді сыйлап, кішілерге қамқор болып, аманатқа қиянат жасамай, ысырапшылдыққа, ұйқышылдыққа, жалқаулыққа, арақкештікке, нашақорлыққа, ойынпаздыққа, өтірікке, өсекке, аш көздікке, көре алмаушылыққа, зинақорлыққа бой алдырмай жанын да, тәнін де, рухын да, санасын да, сезімін де таза ұстауға тырысса екі дүниенің де рахатын көретіні сөзсіз.
Алла Тағала осы қасиетті ораза айының әрбір күні мен түнінде, Қадір түнінде жер бетіне бар мейірімін төгіп, өзіне серік қосқандар мен ата-анасына қарсы шыққандардан басқаларының бәрін кешіреді. Осындай қасиетті күндер мен түндерде айтылған дұғалар тез қабыл болады. Адамдардың қажеттері өтеліп, қалаулары берілетін түндер. Сондықтан, жамағат, сіз болып, біз болып әр күніміз бен түнімізді сауапты істерге арнайық.
Қадірлі ағайын!
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға табыс, елмізге береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!Рамазан айы құтты болсын, ағайын!

Азамат Абдразахов,
Меркі ауданының Бас имамы

Comments are closed.