Зейнеткер ұстаз — аудан мақтанышы

0
174

Меркі ауданындағы №44 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы білім ошағының 50 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы мектепте өмірі мен білімін бала оқытуға арнаған, елге сыйлы, құрметті зейнеткерлер есімін қазіргі таңдағы ұрпақ мақтанышпен айтады.

Білім саласына айтарлықтай зор үлесін қосқан ардақты ұстаздардың бірі — Марат Ақшекеев 1944 жылы 13 маусымда дүниеге келген. 1963-1968 жылдары Қырғыз мемлекеттік университетінде оқып, физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады.
Қырғызстанда 2 жыл жолдамамен жұмыс істеп, Меркі ауылындағы №17 Иван Трубицын атындағы орта мектепке ауысады. 1981 жылы осы мектептің директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен аудандық білім бөліміне инспектор болып ауысады. 1982-1983 жылдары осы аудандағы №7 мектепке директорлық қызметке тағайындалады. 1983-1984 жылдары Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы институтында француз тілін оқып, ЮНЕСКО бағдарламасы аясында Гвинея Республикасына жіберіледі. 1986 жылы еңбек шарты аяқталған соң №7 мектепке директорлық қызметіне қайта оралады. 1989 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін №44 жалпы білім беретін мектебінде физика пәні мұғалімі болып табысты жұмыс істеді.
Марат Сұлтанұлы өз тәжірибесін, ақыл-кеңесін басқалардан аямай, бар күш жігерін, қажыр қайратын, терең білімі мен бар уақытын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне арнады. Ұстаздықтың қыр-сырын терең меңгерген М.Ақшекеев әр сабағына өте тыңғылықты дайындалып, сабақта әр-түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді, көрнекіліктерді қолданып, оқушылардың белсенділігін, пәнге қызығушылығын, шығармашылық қабілетін арттырып үнемі отырады. Ұдайы ізденіс үстінде жүретін ұлағатты жан шәкірттерін аудандық, облыстық, республикалық көлемдегі олимпиадалар мен байқауларға дайындауда алдына жан салмайтын. М.Сұлтанұлының тынымсыз еңбегі еш кетпей, шәкірттері олимпиадалар мен байқаулардан әрдайым жүлделі оралатын. Аудандық семинарларда өз еңбектерін, ғылыми жұмыстарын ұстаздарға таныстырып, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін үйретуден еш жалықпады.
Марат Сұлтанұлы оқыту мен тәрбие беру ісіне аса жауапкершілікпен қарайды. Шәкірттерін еңбекқорлыққа, адалдыққа, патриотизмге, салт-дәстүрі мен тілін, дінін сүюге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеледі.
Өз ісінің білгір маманы М.Ақшекеевтің еңбегі орнымен бағаланып, талай мәрте марапаттарға ие болды. Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі М.С.Ақшекеев жас маман, әріптестеріне физика пәнін оқытудағы жаңа, тың әдіс-тәсілдерді үйретуден еш жалықпай, айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Тәлімгер ретінде Г.Қ.Дәулетованың физика пәні мұғалімдерінің облыстық олимпиадасында І орынға, Ж.Манкееваның облыстық интеграциялық сабақтары конкурсында І орынға ие болуына зор көмегін тигізді. Ұлағатты ұстаздың шәкірті О. Якобова Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтап, физика пәні мұғалімі болып еңбек етуде.
Бүгінде аудан мақтанышына айналған ұстаздардың ұстазы Марат Сұлтанұлы Ақшекеев құрметті еңбек демалысында. Мектеп ұжымы Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат пен отбасыңыздың амандығын тілейді. Сіздің ерен еңбегіңіз бен қол жеткізген табыстарыңыз бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сіздің есіміңізді мектеп ұжымы ғана емес, аудан ұстаздары үлкен мақтанышпен атайды.

Ниетқали Конкабаев,
№44 ЖОББМ директоры

Comments are closed.