Біліңіз, Ұзақ өмір сүріңіз!

0
296

Меркі аудандық орталық емханасы мен Аспара және Ақермен ауылдық округінде «Салауатты халық» жобасы аясында «Біліңіз, ұзақ өмір сүріңіз» атты халықаралық кездесу өтті. Алғашқы игі іс-шара Меркі аудандық орталық емханасында бастау алды. Толық қамтамасыздандырылған медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі үздік практикалық орталықпен танысу үшін Германия елінен келген Саманта Лоу мен Қырғызстаннан келген арнайы қонақтар Қырғыз Республикасының Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмек департаментінің бас маманы Райса Асылбашева, Чу облысы бойынша денсаулық сақтау үйлестірушісі Мамытова Бақтыгуль, Чу облысы әкімінің орынбасары Светлана Волкова, Чу орталық аудандық Жайыл ауданының ауруханасының директоры Айнура Имашева, ЧУ облыстық ауруханасының директоры Нүрбек Абдрахманов, ОШ отбасылық медицина орталығының директоры Шамшиев Абдилатип, аудандық ауруханаға атбасын тіреді. Қонақтар ең әуелі қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, одан соң орталықпен танысты. Медициналық Ұлттық қауымдастықтың президенті Төлебай Рахыпбеков жобаның мақсаты мен міндетін сөз етіп, орталықтың пайдалы тұсын толық қамтыды. Сонымен қатар «Салауатты халық» жобасы аясында «Салауатты ауыл» атанған екі бірдей ауыл алғашқы болып Меркі ауданынан танылғанын да қонақтарға көзайым қылып, айтып, бұл жобаның өзге де ауылдарда жалғасатынына сенім білдірді. Келген қонақтар емхана ұжымына алғыстарын айтып, тренинг бөлмелерін қызықтап, ризалықтарын білдірді.
Кездесу «Салауатты ауыл» болып табылған Ақермен ауылында жалғасын тапты. Ұлттық нақышта киінген әжелеріміз бен бір топ дәрігерлерден құралған көпшілік келген қонақтарды қара жорға биімен күтіп алды. Қара жорға биі буын биі болып саналатындықтан денсаулыққа пайдасы мол екендігі де ғалымдар мен дәрігерлердің нақты тұжырымымен дәлелденген. Сол себепті ҚР Медициналық Ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков ауыл тұрғындарына әр жұма сайын жиналып, осылай қара жорға биін билеп тұруға кеңес берді. Әрмен қарай қонақтар мен ауыл тұрғындары Ақермен ауылдық мәдениет үйіне жиналып, салауатты өмір салтын ұстану мен аурудың алдын алу барысын талқыға салды. Хамит Саттарқұлұлы ауыл тұрғындарын «Салауатты ауыл» атағына ие болғанымен құттықтады. Одан соң «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағиданы дүйім халық ұстануы тиіс екендігін айтты. Ал ҚР Медициналық Ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков сөз алып, «Біліңіз ұзақ өмір сүріңіз» бағытына жан-жақты тоқталды:
– Қоғамды тәрбиелеу үшін, салауатты өмір салтын ұстану үшін ең әуелі жас балалардан бастау керек. Себебі Қазақ елінде орта жасты 75-ке жеткізу үлкен мақсат. Бүгінгі бүлдіршіндеріміздің 75 жасқа жету мүмкіншілігі жоғары болу тиіс. Сол үшін ішімдік, темекі секілді зиянды заттардан аулақ болғанымыз жөн. Балаларымызды бұл бәледен аулақ ету үшін өзіміз аулақ болуымыз керек. Ақылмандар кеңесі бас көтеріп, ауылды имандылыққа шақырып, дүкендерде ішімдіктің сатылуын тоқтауы тиіс. Сол сияқты жастар арасында өзіне қол жұмсау да көп болып жатқаны бәрімізге мәлім. Соны тоқтату керек. Осы мақсатта «Салауатты ауыл» болып табылған Ақермен ауылы ҚР бойынша ең алғашқы ауыл. Бұл жоба бүкіл дүние жүзі бойынша тұңғыш рет осы Меркі ауданында жасалып отыр. Салауатты мектеп болып табылған мектептерге үлкен жұмыстар жасағалы жатырмыз. Тамақтану, қара жорға биін, салауатты өмір салтын, енгізу секілді бастамаларды қолға алудамыз, — деп сөзін аяқтап, көпшілікті жаңаша өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырды.
Меркі аудандық орталық ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Дәулетова Гүлжамал Сатыбалдықызы «Біліңіз ұзақ өмір сүріңіз» тақырыбында инсульттің белгілері, оның алдын алу және алғашқы көмек көрсету бойынша ақпараттық кеңес берді. Одан соң Меркі аудандық орталық ауруханасының кардиолог дәрігері Урманов Фархат Мирсалиұлы «Біліңіз ұзақ өмір сүріңіз» тақырыбында жедел коронарлық синдром бойынша түсіндірме жасады. Басқосу одан әрі Аспара ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары мен бір топ дәрігерлер мұнда да қара жорға биін биледі. Ауыл тұрғындарымен «Салауатты халық» жобасы мен медициналық орталықтар жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Comments are closed.