Абай білім арнасы – ақыл ойдың айнасы
Абай Құнанбайұлы қазақ халқының басындағы мәңгі өшпес жарық жұлдызы екені белгілі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Бұл мереке 2020 жылы аталып өтілетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында бекітілді.
Ақпарат кеңістігіне «Ақыл- ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. «Abai tv» телеарнасы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы құрамына кіріп, эфирдің 75% телеарнаның төл туындыларынан құралады, яғни телеарнада түсірілетін бағдарламалар, фильмдер мен телехикаялар. Телеөнімдердің 80 пайызы қазақ тілінде эфирге шығады.Телеарна ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады. Бұл телеарнадан қазіргі өскелең ұрпақтың тәрбиесіне және болашағына қатысты берер өнегелі ақпараттар жетерлік. Мектеп қабырғасында арнайы «Абайтану» курстары ашылып, оқушыларға ақынның өмірбаяны, өнері мен өлеңдерін танып білуге мол мүмкіншілік беріп отыр.
Деректер: Абай шығармаларының толық жинағы француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай және түрік, жапон, неміс, итальян тіліне аударылып, 3 000 данадан астам таралыммен жарық көрді. Кітаптар әлем кітапханаларына таратылды.
Қазақстанның Сингапур, Болгария, Мысыр, Пәкістан, Венгрия, Иран, Эфиопия және Италиядағы елшіліктерінде Абай орталығы ашылды.
Абайға арналған мемориалдық тақта Түркия және Румынияда ашылды, ал Тбилисиде орталық көшелердің біріне Абай есімі берілді.
2020 жылы Қазақстанда бір әуежайға, 6 мектепке, 3 даңғыл мен 10 көшеге Абай аты берілді. Ел бойынша 7 ескерткіш пен 2 бюст орнатылды.
– Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан,
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, – деп жас ұрпақтың белгілі бір өнер үйреніп, пайдалы іспен шұғылдануын, адал еңбекпен нан табуын насихаттайды. Ол үшін қайырымдылық пен адалдық, қайрат пен ақыл керек екенін тағы ескертеді. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде “адам болам” деген жастарға бес зиянды нәрседен аулақ болып, бес асыл қасиетті бойыңа дарытпасаң, ғылымнан еш пайда жоғын өсиет етеді.
Нұркен Дуанбекұлы,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызмет көрсету секторының меңгерушісі