Өнерлі өрге жүзер
Аудандық «Таңшолпан» бөбекжайында «Мың бала» Республикалық мәдени-ағартушылық жобасының «Өнерлі өрге жүзер» бағыты бойынша педагогтар арасында өнер сайысы болып өтті. Тәрбиешілердің өнерлерін тану, насихаттау, орындаушылық шеберлік деңгейінің артуына үлес қосатын тәрбиелік мәні бар шара деуге болатын, шын жүйріктер сыналған өнер жарысы болып өтті. Тәрбиешілер еркін тақырыпта ән салып, музыкалық аспапта ойнап, өнерлерін көрсетті. Зал мерекедегідей безендіріліп, фанфар ойналып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жампейісова Айдана халық әні «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін мөлдірете орындаса, педагог Мұқанова Назира ұлттық киімін киіп, домбырада Ахмет Жұбановтың «Би» күйін тарту етті. Тәрбиеші Алтынбасова Айдын сахнада өзін еркін ұстап, билеп тұрып, Марат Омаровтың «Жан гүлім» әнін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Байсалиева Гүлжан «Алғыс» әнін нақышына келтіре орындаса, Мыңжасар Сандуғаш Айнұр Тұрсынбаеваның «Аяулы ана» әнін, Баймырзаева Разия Шымберген Сүлейменовтың «Бәйге» әнін, педагог Төреханова Табиғат «Балапаным» әнін төгілдіре салып берді. Жолдас Абдихановтың «Менің әкем- ең жақсы адам» әнін орындаған педагог Іргебаева Перизат өзін ұстауы, сахна мәдениетін сақтауы, эстетикалық талғамы, шығарманы орындау шеберлігі жағынан өзгелерден оқ бойы алда тұрды. Мекеме меңгерушісі Баубекова Сандуғаш Нұрмергенқызы бастаған қазылар алқасы 1 орынды Іргебаева Перизатқа және Байсалиева Гүлжанға, 2 орынды Мыңжасар Сандуғашқа, 3 орынды Баймырзаева Разияға берді. Ал, қалған педагогтар «Талантты әнші», «Дара күйші», «Ең үздік әнші», «Көрермен көзайымы» номинацияларымен марапатталды.
Ә.Боранқұлова,
«Таңшолпан» балабақшасы