Бірлік біздің туымыз
«Ковид-19»-ға байланысты көпшілік бас қосулар шектеулі болса да сәуір айының соңғы күндері, аудандық Мәдениет үйінде 1-Мамыр Қазақстан халқы бірлігі күні құрметіне, санитарлық сақтық шаралары қарастырылған салтанатты жиын өтті.
Мереке Мәдениет үйінің фойэсінде Меркі квартетінің «Сайра бұлбұл» әнімен ашылды. Осында аудандық музей, өзбек, түрік, ұйғыр, славян, әзербайжан т.б. этно-мәдени орталықтарының көрмесін аралап, танысып көрген аудан әкімі Руслан Нұрсипатов негізінен өз қанағаттанарлық сезімін білдірді. Өзбек орталығының қариясы Сабыр аға өзбектің ұлттық киімдерімен, келіндер мен бозбалалардың бас киімі, көрпе, кернай, даңғыра т.б. сияқты ұлттық дәстүрлерімен, аспаптарымен таныстырды.
«Мынау ләген, қазақтардың бауырсағы сияқты ЮНЕСКО-да танылған өзбектің күрішін салатын ыдыс» дегеніне аудан әкімі Руслан Маратұлы, қазақтың «қазы, қартасы деп қосып қойыңыз» деді әзілдеп.
Сол сияқты әзірбайжанның да, түрік, ұйғыр, славян орталықтары да өз жәдігерлерін, салт-дәстүрін, ерекшеліктерін тартулады.
– Мерекенің атының өзі бірлік. Бірлік бар жерде, тірлік бар.
Ең бастысы ынтымық пен бірлікті насихаттайық. Қордайдағы жағдай еш жерде орын алмасын. Жастармен жұмыс істейік. Ақылымызды айтып, достықты үндейік,- деді аудан әкімі.
Одан соң үлкен концерт залында аудан әкімі Руслан Маратұлы мерекелік құттықтауын жолдады. Салтанатта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Иманалиев, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, еңбек ардагері Б.Әлмейізова, славян орталығының басшысы А.Ландик және әзірбайжан орталығының жетекшісі Г.Джамаловтар этно-мәдени орталықтар атынан сөйлеп, жиналғандарды қызу құттықтады.
Салтанат соңы Меркі ауданы көркем өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
«Меркі Ақиқат»