
Меркі ауданында ауа-райының қолайлылығын пайдаланып, меркілік тәтті түбір өсірушілер қант қызылшасын егуді ұйымдасқан түрде бастап кетті. Сол диқандардың бірі, бірегейі «Сыпатай батыр» атындағы өндірістік кооператив, өткен жылы 185 гектар қант қызылшасынан 869 центнерден өнім жинап, рекордты көрсеткішке қол жеткізген еді. Биыл да 180 гектарға тәтті түбір орналастыруды қолға алған сыпатайлықтар қазірдің өзінде атап айтқанда үш жұмыс күнінде 100 гектар жерге франциялық «Эйдер» тұқымды қызылшаның жаңа сортын Ресей елі арқылы алып, қанқынды егіс жұмысын жүргізуде.
Жүз гектар алқапта бір ДТ -70 тракторы тырмалау ісін атқарып келе жатса, ағайынды Ерғали және Еркеғали Дәулетбақовтар екі трактормен топырақты ұнғып үгіп-тартып кететін «Фрезерный» аппаратымен жүріп өтсе, оның артынша «Моносем» қызылша себетін сеялкасы дәлдікпен қант қызылшасын орналастыруда.
Биыл ғана сатып алынған су жаңа МТЗ-820 тракторы сағатына 4 шақырым жылдамдықпен қызылша тұқымын жерге орналастырады екен. Бір агрегат бір жұмыс күнінде 20-25 гектар жерге қызылша себуге қауһарлы. Ал осы жұмыс жүйесінен кейін алқап бетіне бір де бір арамшөп шығармайтын гербицидтер бүріккішпен себіліп шығады.
Мұнда қызылшаны кетпенсіз, қызылшашыларсыз жүргізіледі. 180 гектар жерге бес ғана адам қызмет етуде. Жерден жарып шыққан қант қызылшасы жаңбарлатып суару тәсілімен суарылатын болады.
Жауапкерішілік төрағасы Қанат Шайхиев биыл да мол өнім күтуде екенін жеткізді.