Пилоттық жоба оңды қадаммен

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру, үй маңында табыс табу мақсатын көздеген пилоттық жобасы облыс көлемінде бастау алып,  оны іске асыру бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. Ауылдықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, дамытудың маңызы зор. Меркі ауданына қарасты Сұрат ауылдық округінің тұрғындары да қосалқы шаруашылықтарын өндіріс пен табыс көзіне айналдыру үшін еңбектенуде.

Облыс әкімі Асқар Исабекұлы осы ауылға арнайы келіп, тұрғындармен кездесіп, жобаның тиімділігін түсіндірген болатын. Меркіліктердің дайындаған жоспарын тыңдап, өзінің оң бағасын да берген еді. Енді жобаны іске асыру бойынша жұмыстарды қатаң бақылауға алып, тың жүргізсе, керемет нәтиже берері анық.

            Аталған округте қазіргі таңда жалпы 462 аулада барлығы 2830 халық тіршілік етуде. Оның 179-ы жобаның бірінші бағыты бойынша қатысуға ниет білдірсе, мал басын арттырып, шаруасын домалатуға қамданып отыр.

            Үш елді мекеннен тұратын ауылдық округте 73 шаруақожалық 5915 гектар егіс алқаптарын тиімді пайдаланып отырса, жалпы ауылға тиесілі жер көлемі 12835 гектарды құрайды. Аймақ басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан пилоттық жоба аясында мұнда «Даму Сұрат»  атты ауылшаруашылығы кооперативі құрылған. Бүгінде пилоттық жобаны іске асыру үшін 105 миллион теңгеге техникамен жабдықтауға сұраныс беріліп, мақұлданған. Сонымен қатар, айналым қаражатына 57 миллион теңгеге ұсыныс та жолданған. Бұл қаржы көзіне тұқым, минералды тыңайтқыш, тағысын тағы сатып алу көзделуде. Ауылшаруашылығы кооперативінің атқаратын жұмысына жалпы 163 миллион теңге қаражат жұмсау жобада көзделіп отыр. Бірінші және екінші бағыттан бөлек 8 отбасы  40 миллион теңгеге жылыжай салу, 125 азамат мал алу, 1 азамат шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында цех ашу үшін ниет білдіріп отырғаны бар. Бұл жобалардың жалпы құны 761 млн. теңгені құрамақ.

            Негізінен округтегі 462 аулада егіс егуге жарамды 97 гектар жері бар. Жоба аясында оның 70,6 гектары игергелі отыр. Жоба аясында жұмыс атқаратын ауыл тұрғындары бірнеше топқа бөлініп, бірі қызанақ ексе, бірі картоп, орамжапырақ егуді жоспарлауда. Мұнда жерді тиімді пайдалану мақсатында кейбір дақыл түрлері екі айналым егілмек. Мәселен, 14 гектар жерге орамжапырақ пен қияр, 15,5 гектарға қияр мен картоп екі айналым бойынша себіледі. Ал сұраттықтардың негізгі дақылдарының біріне саналатын қызанақ бір айналым негізінде 27 гектар жерге егілсе, картоп 14 гектар жерге егіледі.

Қызанақты егудегі пайданың нәтижесін ауылдықтар мұнда биылғы жылы осы шаруашылықпен айналысқан Алмас Жәрдембаевтың үлгісіне сүйенбек. Ол 10 соттық жерге  2000 түп қызанақ егіп, маусым аяғына дейін 8 тонна өнім алған.

Сұратта егілетін барлық дақылдың тұқымы Алматы қаласындағы «Қазақ жеміс, көкөніс және картоп» ғылыми зерттеу институтына алынбақ. Ауыл әкімі Ғазиз Байарыстан институтпен келісім-шартқа тұрып, институттың аграном мамандары егістікті сепкеннен бастап өнім алғанға дейін өз бақылауларында ұстап, кәсіби кеңестерін беріп отыратын болады.

            – Жобаның екінші бағыты бойынша азаматтардың өтінімі облыстың тұрақтандыру қорына жолданып, құжаттары қабылданып қойған. Соның нәтижесінде 437 миллион теңгеге 3928 бас мал сатып алынбақ. Атап айтқанда  2944 қой,  347 сауынды бие, 420 бұқашықтар, 217 сауынды сиырлар алу жоспарланған. Қазіргі уақытта 47 азамат  107 бас жылқы, 136 бас ірі қара, 694 ұсақ мал, жалпы 937 бас  мал сатып алынған. Жалпы сомасы 119 656 000 теңгені құрайды.

 Тұрғындардың  қойып отырған кепілдемелерінің 70 пайызын 2,5 пайызбен несие ретінде алады да, 20 пайызы жем-шөп алу секілді айналым қаражатына кетеді. Мәселен, азамат 5 миллион қаражат алатын болса, 1 миллионын айналымға жіберу қажет. Қалғанына мал алуы міндет. Мұның жеңілдік деп түсінсек  те болады. Демек, алынған қаражат мақсатты жұмсалады. Тілге тиек ете кететін жайт, барлық несие алып, өз ісін бастаған тұрғындар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатына кіріктірілмек. Бүгінгі күні қолда бар малдың өзінен тәулігіне 3,5 тоннаға жуық сүт шығады. Жоба бойынша қосымша 217 сауынды сиыр алынған жағдайда тәулігіне 6-6,5 тонна сүт алынатынын жоспарлап отыр.

Осы жоба аясында  5 миллион несие алған Анафияев Жомарт қаржысына  10 бас жылқы сатып алған.

  • Несие десе басын алып қашатын қазақпыз ғой. Оның тиімділігін, артықшылықтарын, дұрыс пайдалану жолдарын түсінбейміз. Аудан әкімі, ауылдық округ әкімдерімен бірге келіп, ауылда жиналыстар өткізіп, үйді-үйді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізген кезде, біраз ойланып, отбасымызбен ортақ шешімге келдік. Түсінген адамға бұл тұрғындарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов теледидар арқылы, әлеуметтік желі арқылы жобаның артықшылықтарын айтып, кеңінен ақпарат беріп отырғанының куәсі болдық. Осылайша нарықтық экономикаға деген сауаттылық ашылып, құжаттарымызды өткіздік. Қазіргі күні 10 бас жылқы борлақылап отырмыз. Бұл несиенің пайызы төмен, әрі бір жылдық каникулы бар. Осы жобаны қолдаған өкімет басшыларына, облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Сенім артақн жобаны табысты, жемісті етіп орындайтындығымызды үлкен сеніммен айтым келеді, дейді ауыл тұрғыны. 

            Сонымен қатар, кооперативке тиесілі 19 техника сатып алынған. Бүгінгі күні оның 11-і ауылдық округ аумағына жеткізілген. Техника құны 97 млн. теңгені құраған. Пилоттық жоба аясында ауыл тұрғындары 2 жылыжай, бір көкөніс цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарды іске асырудың алғашқы қадамдары жасалуда.

– Бұл жоба бес бағытта жүргізіледі. Ол-үй іргесіндегі жерді,  ауладағы мал шаруашылығын, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтерді жабдықтау және құру, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бағыттары бойынша жобаға қатысты басты көрсеткіштер зерделеніп, әр  отбасы бойынша ескертпелер ескеріле отырып қажеттіліктер анықталды.Жобаны іске асыру үшін мемлекеттен  956 млн.қаражат та бөлінді.Қазіргі кезде әр бағыт бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Округтегі халық саны 2830, Сұрат, Аққайнар, Тес-
кентоған елді мекендерінде 416 аула осы пилоттық жобаға қатыспақшы. Айтатын болсақ, бірінші бағыт бойынша 353 аула көкөніс өсірумен айналысып, 2 жылыжай іске қосылады. Ал, екінші бағыт бойынша 234 азамат мал өсірумен айналысады, оларға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Сондай-ақ ,кооператив құрылып, оны жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бесінші бағыт бойынша тұрғындар монша, наубайхана, дүкен ашуды жоспарлап отыр,- дейді ауыл әкімі  Ғазиз Байарыстан.

Бүгінде ауылдық округ суды 5 арықтан су алады. Атап айтқанда, Аспара, Меркі, Талдыбұлақ, Түзу сұрат, Қисық сұрат сынды өзендері елді мекенді толық сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Демек су тапшылығы болмауы тиіс.

Comments are closed.