Алақай, жаз келді!
Ауданымыздағы «Жұлдыз» балаларды сауықтыру лагері өзінің биылғы жылғы маусымының есігін айқара ашып, жазғы оқушылардың демалысы мен меценат, Меркі ауданының атақ абыройын асқақтатып, қызылшадан, ақ егістен рекордты көрсеткіштерге жетіп, облыста оза шауып, ел алғысына бөленіп жүрген, Сыпатай Батыр серіктестігінің директоры Қанат Шайхиевтің демеушілігімен, 25 миллион теңгеге жаңадан тұрғызылып, ине-жіптен өткендей, көз тартып, жұтынып тұрған балалар асханасының ашылуын, қос қуанышты бірге тойлады.
«Нұрлы болашақ» атты кездесуге арнайы шақырылған құрметті қонақтарға алғашқы демалушы, жүз оқушы түгел қатысып флешмоб-би сыйлады. Талшыбықтай бұралған сегіз бүлдіршін қыз «Шашу биі мен «Болливуд» билерін орындап көпшіліктің шынайы алғысына бөленді. Ал Сейдана Айдана «Шіркін-ай» әнін «шіркін-ай, не деген дауыс, не деген ән» деп еске алып қуанып жүретіндей еткізіп жеткізді.
Дауыстары, кескін-келбеті де келіскен қос жүргізуші термелете, өлеңдетіп келіп алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Мейірхан Өмірбекке берді.
– «Жұлдыз» демалыс лагерінің үлкен мәні бар, – деді аудан әкімі. – Бұл демалыстарыңызды Сіздер ержеткенде де еске алып, сағынып жүретін боласыздар. Бұл жерде биыл үш маусымда үш жүз оқушы он екі күннен демалатын болады. Одан басқа ата-аналар ұсынысымен тағы да 200 бала ақылы демалыста болып, таудың таза ауасын жұтып, саяхатқа шығып, әр түрлі қызықты іс-шаралар өткізіп, суға шомылып, көңілді демалатын болады. Биыл осы лагерьге, күзде 1000 роза гүлін егетін боламыз. Одан басқа да абаттандыру, көріктендіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Келер жылы асфальт жолы ретке келтіріледі. Биылғы жаңалық мына Қанат Шайхиев деген ағаларыңыз құлап тұрған асхананы түгел бұзып, жаңадан, жаңа кезеңге сай келетін дүңгірлеген асхана соғып, сыйға тартты. Бұл кісіге айтар алғысымыз зор. Ал, сіздерге көңілді демалыс тілеймін. Лагерь қызметкерлеріне балалардың іші пыспайтын, денсаулығын түзейтін, түрлі қызықты сәттер, іс-шаралар, ойын-сауықтар ұйымдастыруды тапсырамын.
Одан әрі сөз алған Атымтай, жомарт жүректі Қанат Кеналыұлы сөз сөйлеп, «Мына балалар лагеріне келіп демалып жатқан сіздер бақыттысыздар. Ауданның он бес мыңға жуық шәкірттерінің ішінен сіздер аса құрметке ие болдыңыздар» дей келе, өзінің осыдан 50 жыл бұрын екі жылда екі маусым демалғанын, «тәртіп бұзып» екі рет еден жуғанын айтып жиналғандарды күлкіге кенелтті.
Сонымен қатар бұл құрылысты жүргізуде ұлы Ерболдың еңбегі ерен екенін атап өтті.
Өз кезегінде лагерь директоры Арай Төлепбек оқушылар атынан аудан әкімдігіне, ағалық қамқорлық жасаған Қанат Шайхиевке үлкен Алғысын айтып, алқызыл гүл сыйлап, ескерткішке ата-аналар «оригинально» деп баға берген үлкен коллаж-банер сыйлады. Онда шәкірттер, демеушілер, құрылысшылар суреттері мен портреттері бейнеленіпті.
Одан соң құрметті қонақтар, атап айтқанда аудан басшысы Мейірхан Азатұлы, ақын Шырын Мамасерікова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев, ішкі саясат бөлімі басшысы Ринат Жантаев, «Ақ жол» газетінің Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы меншікті тілшісі Ақылжан Мамыт, Жамбыл телекомпаниясының Меркідегі журналистері және басқалар жасанып, жайнап тұрған асхананы аралап көріп өте талғаммен, тиімді жобамен соғылған ғимаратқа ризалықтарын білдірді.
Ия, оқушылардың «Алақай, жаз келді!» деп қуанатын каникул күндері осындай жаңалықтармен, игі істермен тұсауы кесіліп, бүлдіршіндердің бұлақтай сыңғырлаған күлкісіне ұласты.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»