Басты міндет-ұрпақ тәрбиесі
Бүгінгі мектеп оқушысына туған жерінің тарихын, өткен уақыттағы, бүгінгі есімі елге белгілі аға ұрпақ өкілдерін таныту, олардың өміріне қызығушылық тудыру – қазақстандық білім беру жүйесінің басты талаптарының бірі. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы да жас ұрпаққа өткенді тану, оны құрметтеу, бағалауға бағыт беретін құжат. Мақаланың «Туған ел» жобасы аясында Темірбек Қожакеев атындағы №39 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының ұжымы жоспарлы, мақсатты түрде оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырып отыр.
Біздің мектепке қазақ баспасөзінің тарихы мен теориясын зерттеуші, әдебиетші әрі сыншы, қазақ сатирасы мен юморының тарихын алғаш зерттеп, негізін қалаған көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев есімі 2015 жылы беріліп, осы жылы мектеп ғимаратының 3-қабатында «Темірбек Қожакеев» әдебиет мұражайы ашылған еді. Мектепте ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған өнеге сағаттары, әдеби сабақтар, кездесулер жоспарлы ұйымдастырылады. Мектеп оқушыларымен жүргізілген тәрбие жұмыстарының бір бағыты – музейлер байқауына қатысу. Осы орайда, 2018 жылдың ақпан айында облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен облыстық «Үздік виртуалды мектеп музейі» байқауында мектеп музейі Бас жүлдеге ие болып, мектепке бейнекамера сыйлыққа берілді.
2018 жылы сәуір айында Тараз қаласында өткен облыстық «Үздік мұражай» байқауында біздің музейіміз тағы да І орынды жеңіп алып, Астана қаласында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғауға жолдама алды.
2018 жылдың қараша айының 1-3 күні аралығында Астана қаласында Республикалық Ұлттық Музей базасында ұйымдастырылған республикалық «Үздік мектеп музейі» байқауына республикамыздың түкпір-түкпірінен мектеп музейлері қатысты. Республикалық музейлер жарысы «Тарихи музейлері», «Әдебиет музейлері», «Өлкетану музейлері» бағыты бойынша додаға түсті. Байқауда Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы, Астана қаласының өзінен 4 мектеп-гимназия оқушылары бақ сынады.
«Әдебиет музейлері» номинациясы бойынша облысымыздың атынан барған Темірбек Қожакеев атындағы №39 ЖББМГ музейі І орынды иеленіп, мектеп ұжымы алғыс хатпен марапатталды. Ғылыми жоба жұмысымен музейді таныстырған 10-сынып оқушысы Жамшыбек Аяулым арнайы дипломға ие болды. Жетекшісі Отарбаева Гульнур Аликқызы да алғыс хатқа ие болды. Байқауды ұйымдастырушылар музейге сыйлыққа электронды оқулық оқитын құрылғы тарту етті.Біздің халқымызда «Туған жерге туың тік» деген мазмұны терең қанатты сөз бар. Сондықтан Темірбек Қожакеев шығармашылығын, өнегелі өмір тағылымдарын жас жеткіншектерге таныту жұмыстары жалғасын тауып, қазан айында «Қожакеевтанушылар» клубы мүшелері Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінде болып, ғалымның есімі берілген студенттер аудиториясын көрді. Журналистика факультетінің студенттерімен кездесті. Оқушылар үлкен әсермен оралды.
Осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра беру үшін қыркүйек айында аудандық білім бөлімі арқылы мектеп оқушыларының аудандық І «Қожакеев оқулары» байқауы жарияланды. 30 қараша күні аудандық байқауға қатысқан оқушылар мәнерлеп оқу, сатиралық шығармаларды орындаудағы әртістік қабілеттерін, ғылыми ізденіс жұмыстарын, сурет өнеріне құлшыныстарын жан-жақты көрсетті.
Талабы мен тәртібі болаттай берік, тәлімі терең Темірбек Қожакеевтің өршіл рухы мектебіміздің ұстаздарын сапалы да саналы білім мен тәрбие беруге, ал шәкірттерімізді Қазақстан Республикасының нағыз патриот азаматы болып өсуге, туған жеріне қызмет етуге жігерлендіреді.