Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!

0
3058

Мінеки, жаратушы иеміз жар болып қасиетті Рамазан айына да жеттік.

Бұл абзал айлардың үшіншісі ғана емес, он бір айдың сұлтаны, айлардың ең ұлысы деп саналады. Осы Рамазан айында Алла тағала қасиетті Құранды түсірді. Мұсылмандардың бес парызының бірі болған ораза ұстауды да осы айда парыз етті. Рамазан айының туғанын көрген адам бірден ораза ұстауы қажет.

Рамазан айының мың айға татитын түні –Қадір түнін Алла өзінің жаратқан пенделеріне осы түні тарту етті. Биыл Қадір түні мамырдың  26-нан 27-не қараған түні аталып өтеді.Қадыр түні мың айдан артық. Осы түні Алланың әмірімен жер бетіне барлық істерді реттеу үшін періштелер және Жәбірейіл түседі. Жыл он екі айдың ішінде санаулы ғана қасиетті күндер мен түндер бар. Олар: Рағайып, Миғраж, Бәраат, Қадір түндері. Олар қасиетті саналатын Ережеп, Шағбан, Рамазан айларында жасырылған. Жаратушы иеміз Құран кәрімде: «Мен адамдар мен жындарды тек маған ғана құлшылық етсін деп жараттым», — деген. Жалпы адамзат баласына осы үш айда ғана емес, есі кірген кезден бастап о дүниеге ұзап кеткеніне дейін жүректеріндегі иманды жоғалтпай, адами қасиеттерін шыңдай түсіп, еңбекқор, адал, ізгі, үлгілі, мейірімді, қамқор, аманатқа қиянат жасамай, үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық көрсетіп, ысырапшылдыққа, ұйқышылдыққа, жалқаулыққа, арақкештікке, нашақорлыққа, ойынпаздыққа, өтірікке, өсекке, ашкөздікке, зинақорлыққа бой алдырмай, жанын да, тәнін де, рухын да таза ұстауға тырысса, екі дүниенің де рахатын көрері сөзсіз.

Діни кітаптарда бұл түн Алланың әмірімен періштелердің адамдардың бір жылдық ризық-несібесін, бай немесе кедей болатынын, өмірлерінің   жалғасуы немесе ажалының жетуі жайлы хабарларды дайындайтындығы жайлы айтылған.

Осы түнде нәпіл намаздар оқып, құлшылықпен өткізу әрбір мұсылман адамға үлкен сауап болады.

Алла тағала осы Бәраат түнінде: «-Күнәлары үшін кешірім сұраған адам бар ма, кешірейін. Ризық-несібе сұраған адам бар ма, берейін. Дерті бар адам бар ма, шипасын берейін. Не сұраған болса сұрағанын берейін» , — дейді.

Алла тағала осы түні жер бетіне бар мейірімін жаудырып, өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді.

Осындай қасиетті күндер мен түндердегі дұғалар тез қабыл болады. Адамдардың қажеттері өтеліп, қалаулары берілетін түндер. Сондықтан осы Рамазан айының әр күні мен түні тек сауапты істер ғана атқарайық.

Оразаның алғашқы күнінен бастап қасиетті Құранның отыз парасын отыз күнде құптан намазынан соң таңғы ауыз бекіткенге дейін жамағатпен бірге оқыған абзал. Бір — бірімізді ауыз ашарға шақырып көптеген сауаптарға кенелейік.

Қасиетті күндер мен түндерде атқарған құлшылықтарымыз күндердің күнінде алдымыздан мол қазына болып шығады.

Осы қасиетті Рамазан айында барлық адамдардың ақ тілектері қабыл болсын! Еліміз тыныш, іргеміз бүтін, жеріміз берекелі болсын. Рамазан айы бәрімізге құтты  болсын, ағайын!

 

Жамбыл облысы, Меркі ауданының

Бас имамы Батырбек қажы Қасымалиев.

Comments are closed.