БЕРЕКЕЛІ ЕҢБЕК ИЕСІ

0
5

Жамбыл ауылының тұрғыны Бауыржан Таубаев – адал еңбегімен, іскерлігімен және жан-жақтылығымен көпке үлгі болып жүрген еңбек адамы. Ол негізгі кәсібін, қосалқы шаруашылығын және сүйікті ісін ұштастырып, еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Негізгі кәсібі – тұрғындардың тапсырысы бойынша пластик есік пен терезе жасап, сапалы қызмет көрсету. Сонымен қатар, өзінің хоббиін кәсіпке айналдырып, темірден пышақ пен бәкі жасап, түрлі құстардың мүсіндерін шеберлікпен құрастырады. Әрбір туындысынан шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі мен ұқыптылығы айқын байқалады.

Бауыржан Таубаев үй іргесіндегі жерді де тиімді пайдаланып, қосалқы шаруашылығын жан-жақты дамытып отыр. Шаруашылығында пәкістандық ешкі, арашан тұқымды қой, жылқы, қоян және түрлі тауықтарды бағып-қағады. Ешкілерін күн сайын сауып, табиғи өнім өндіруді де тұрақты кәсіпке айналдырған.

Ол ауласын көгалдандырып, жеміс ағаштарын өсіруге ерекше көңіл бөледі. Оның ауласы – еңбекқорлықтың, ұқыптылықтың және жерді тиімді пайдаланудың айқын үлгісі.

Негізгі кәсібін, қолөнерін, мал шаруашылығын және бау-бақша өсіруді қатар алып жүрген Бауыржан Таубаев – адал еңбекпен табыс тауып, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азамат. Осындай еңбекқор жандар кейінгі буынға өнеге болып келеді.

Comments are closed.