ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРДІҢ НЕГІЗІ

Жаңа Конституция – еліміздің әділетті әрі жауапты мемлекет құру жолындағы тарихи қадамы. Бұл құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, қоғам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігін жаңа деңгейге көтерді. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және қоғамдық келісімді одан әрі дамытуға жол ашты. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – халықтың мүддесіне қызмет ететін тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру және әрбір азаматтың құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз ету.
Жаңа Конституцияның негізінде құрылған Құрылтай – халықтың еркін білдіретін, заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Оның басты міндеті – елдің орнықты дамуына бағытталған заңдарды қабылдау, қоғамның сұранысына сай құқықтық шешімдер қабылдау және азаматтардың заңды мүдделерін қорғау. Құрылтайдың қызметі мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына және заң үстемдігінің орнығуына өз үлесін қосады. Бұл – Жаңа Конституция аясында жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызды жалғасы.
Ардагерлер үшін ел бірлігі, ынтымақ, заңға құрмет және ұрпақтар сабақтастығы – әрдайым ең қастерлі құндылықтар. Біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің қалыптасуы мен дамуына куә болып келеміз. Сондықтан мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуіне бағытталған әрбір оң бастаманы қолдау – ортақ парызымыз деп білеміз. Бүгінгі жас ұрпақтың заңды құрметтеп, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуы – еліміздің болашағы үшін аса маңызды.
Алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы да – Жаңа Конституциямен басталған саяси жаңғырудың маңызды кезеңі. Бұл тарихи оқиға Құрылтайдың құрамын айқындап, алдағы уақытта елдің дамуына бағытталған заңдардың қабылдануына негіз болады. Сондықтан бұл күн – мемлекетіміздің құқықтық дамуы мен қоғамдық жаңғыруындағы маңызды белестердің бірі.
Жаңа Конституция – бұл тек құқықтық құжат қана емес, ол Қазақстанның болашақ даму бағдарын айқындайтын берік тұғыр. Сондықтан Конституцияның қағидаттарын құрметтеу, заң үстемдігін сақтау және қоғамдық келісімді нығайту – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бірлігі бекем, заңы үстем, жауапкершілігі жоғары қоғам ғана қуатты әрі Әділетті Қазақстанды қалыптастыра алады.
Байсейіт ЖЫЛЫСБАЕВ,
Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
















