ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: «ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ» АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Меркі ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы ұйымдастырылды.
Акция аясында аудан тұрғындары құқық қорғау органдарының өкілдеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша кеңес алып, сауалдарына нақты жауап алды. Сонымен қатар, іс-шараға аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің мамандары, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен өзге де жауапты мекеме өкілдері қатысып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді.
Тұрғындар мемлекеттік қызметтерді алу, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, құжаттандыру, көші-қон және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, тиісті сала мамандарынан жан-жақты түсіндірме алды.
«Жолда қабылдау» акциясы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында, Сарымолдаев ауылдық округіндегі №9 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінде және Ақарал ауылдық округі әкімдігі ғимаратының алдында өткізілді.
















