МЕЙІРІМДІЛІК – АНАДАН БАСТАЛАТЫН ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

0
5

2026 жылғы 22 шілдеде Меркі аудандық орталық кітапханасында аудандық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Жапаровна Байбосынованың ұйымдастыруымен «Мейірімділікті анадан үйрен» тақырыбында ұстаз аналармен тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға ауданның 10 ауылдық округінен келген ұстаз аналар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – ана мейірімінің қоғамдағы, отбасындағы және бала тәрбиесіндегі маңызын дәріптеу, ұстаздардың тәрбие ісіндегі рөлін насихаттау, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақты мейірімділік пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Кездесу барысында «Мейірімділікті анадан үйрен, әділдікті данадан үйрен» деген халық даналығының мәні кеңінен талқыланды. Қатысушылар ана – мейірім мен қамқорлықтың, ал дана тұлғалар әділдік пен парасаттың үлгісі екенін атап өтіп, баланы мейірімді етіп тәрбиелеудің жолдары, өмірден түйген тағылымдары, жастарға берер ақыл-кеңестері және бүгінгі қоғамда мейірімділік құндылықтарын қалыптастыру жайында өзара пікір алмасты.

Сонымен қатар ұстаздар «Мейірімділік» сөзін топтастыру және «Кім және не мейірімді?» атты танымдық тапсырмаларды орындады. Округтік Аналар кеңесінің төрайымдары мейірімділік туралы мақал-мәтелдер айтып, ұлттық тәрбиенің мәнін дәріптеді.

«Қонақ кәде» дәстүрі бойынша Меркі округі Аналар кеңесінің мүшесі Күлдариға Дүйсекова «Ұстазым» әнін орындап, ұстаздар әнге хормен қосылып, ерекше әсерлі көңіл күй сыйлады.

Кері байланыс барысында қатысушылар іс-шараны жоғары бағалап, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Кездесуді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова қорытындылап, төрайымдардың демеушілігімен ұстаз аналарға естелік сыйлықтар табыстады. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Comments are closed.