Тоқаев: Әкімшілік әділет жүйесі азаматтардың құқығын қорғауды күшейтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі сот жүйесінде маңызды өзгерістер орын алғанын айтып, әкімшілік әділет институтының азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне шағымданып, өз құқықтарын қорғау оңай болмаған. Алайда әкімшілік әділет жүйесі енгізілгеннен кейін жағдай түбегейлі өзгерген.
– Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл мемлекеттік органдар өздерінің шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын дәлелдеуге міндетті деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижелері статистикалық көрсеткіштерден де көрініс тауып отырғанын атап өтті.
– Соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл – әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, аталған өзгерістер қоғамдағы соттарға деген көзқарастың да өзгеруіне ықпал еткен.
– Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі бұл өзгерістер заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Президенттің пікірінше, еліміздегі сот тәжірибесі үшін жаңа кезең басталып, азаматтардың заң алдындағы мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейіп келеді.












