Қызылсайда рух жаңғырды: «Қали апа үй-музейі» ел игілігіне берілді

Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Қызылсай ауылында ел есінде «Қара кемпір» атымен сақталған Қали ананың тарихи шаңырағы жаңғыртылып, «Қали апа үй-музейі» ретінде салтанатты түрде ашылды. Бұл – тек бір үйдің емес, тұтас ұлттың рухани мұрасын қайта тірілткен маңызды оқиға, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Музейдің ашылу рәсімі Қали ананың өмір жолын бейнелейтін сахналық қойылыммен басталып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ұлттық құндылықтар мен өткен тарихтың сабақтастығын паш еткен бұл көрініс шараның мәнін тереңдете түсті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, қазақ өнерінің көрнекті өкілі Алтынбек Қоразбаев, актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және сот саласының ардагері Мұсабек Әлімбеков қатысты. Сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, зергер-реставратор Берік Әлібаев, Қырғыз Республикасынан келген делегация және ауыл тұрғындары да шараға куә болды.
Шара барысында сөз алған спикерлер Қали ананың тұлғалық болмысына, оның ел тарихындағы орнына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Алтынбек Қоразбаев Қызылсай ауылының шежіресін тарқатып, тарихи мұраны жаңғырту жолында еңбек еткен азаматтарға алғыс білдірді. Ал Тұңғышбай Жаманқұлов «Қара кемпір» әнінің маңызын атап өтіп, оның тек бір ауылдың емес, күллі қазақ аналарына арналған рухани туынды екенін жеткізді.
Жиында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов Қара кемпір ескерткішінің орнатылуына және музейдің бой көтеруіне үлес қосқан азаматтарды марапаттап, құрмет көрсетті. Ауыл ақсақалдары да игі іске атсалысқан жандарға ризашылықтарын білдіріп, ұлттық дәстүрге сай сый-сияпат жасады.
Музейдің ашылуы – өткенді ұлықтап, болашаққа бағыт алған тағылымды бастама. Бұл нысан енді жас ұрпаққа тарихты танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды рухани орталыққа айналмақ. Шара соңында қатысушылар Ұлы Отан соғысы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаңартылған музей экспозициясымен танысты.
Қызылсайдағы бұл игі бастама – ел жадындағы асыл тұлғаларды дәріптеудің, тарихи мұраны сақтаудың жарқын үлгісі.














