Тоқаев: «Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде “ойын ережесін” өзгертеді»

Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемде цифрлық технологияларды енгізу уақыт талабы екенін айтып, бұл бағытта Қазақстан да нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын мәлімдеді.
Президент өз сөзінде Біріккен Араб Әмірліктері толықтай қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Қытайдың цифрлық платформалар арқылы жыл сайын триллион долларлық транзакцияларды өңдеу тәжірибесін мысалға келтірді.
– Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді. Еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық финтех-компаниялар кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені ол бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық шығындарды азайтады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мұндай өзгерістер Қазақстанның халықаралық капитал тарту мүмкіндігін күшейтіп, елді ірі инвестициялық және қаржылық орталықтардың біріне айналдыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанда цифрлық активтер мен криптовалюталарды реттейтін құқықтық база алғаш рет қалыптасқанын атап өтті. Бұл жүйе жылжымайтын мүлікті, алтынды, өндірістік кәсіпорындардың акцияларын және басқа да активтерді токенизациялауға жол ашқан.
– Мақсатымыз – аймақтағы жетекші криптохабқа айналу. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың негізгі бағыттарын бекітуі қажет. Бұл – уақыт күттірмейтін шұғыл міндет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы «нақты уақыт экономикасына» көшу мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі бюрократиялық рәсімдер мен ұзақ келісу процестері қаржы тиімділігін шамамен 30 пайызға дейін төмендетеді.
Президент жасанды интеллект негізіндегі платформалық тәсілдер бұл мәселені шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Атап айтқанда, үздіксіз предиктивті мониторинг күмәнді немесе мақсатсыз транзакцияларды алдын ала анықтауға жағдай жасайды.
– Бұл ретте тек мемлекеттік ресурстарға сенім арту стратегиялық қателік болар еді. Платформалық шешімдер жеке капиталдың бәсекеге қабілеттілігін сақтаудың басты құралына айналуы керек. Негізгі міндет – осындай институционалдық орта қалыптастыру. Үкімет бизнесті ынталандыратын нақты ұсыныстар енгізуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.














