«Жасыл ел-Тараз»-дың жылыжайы: Бүгінде мұнда миллион түп гүл өсіріледі

Тараз қаласының абаттандырылуы мен жасыл желекпен көмкерілуінде «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай шаруашылығы маңызды рөл атқарады. Қаланың көріктенуі мен экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кәсіпорын қарамағында жалпы аумағы 3 500 шаршы метрді құрайтын 8 жылыжай кешені жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын қала аумағын көгалдандыруға қажетті гүл көшеттері өсіріліп, толық циклді өндіріс жүзеге асырылады. Биылғы маусымда шамамен 1 000 000 (бір миллион) түп жаздық гүл өсіріліп, қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктерге отырғызу жоспарланған.
Жылыжай шаруашылығының өндірістік процесі қаңтар айынан басталады. Осы кезеңде гүл тұқымдары себіліп, арнайы температуралық және ылғалдық режимі бар ортада өсіріледі. Алғашқы кезеңде тұқымдар өніп, шамамен 2–2,5 апта ішінде көшетке айналады. Кейін олар жеке құтыларға көшіріліп, әрі қарай тұрақты күтімге алынады.
Көшеттердің толық жетілу циклі сәуір айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында олар бірнеше рет сұрыпталып, күтіп-бапталады. Сәуірдің 10-ынан бастап дайын көшеттер қала аумағына жөнелтіле бастайды.
Жылыжайда 11-ден астам гүл түрі өсіріледі. Олардың қатарында петуния, салвия, тагетес (барқытгүл), циния, целозия, сәндік орамжапырақ, цинерария және басқа да сәндік өсімдіктер бар. Әр гүл түрі бірнеше түстік реңктерге бөлініп, жалпы алғанда ондаған сұрып қалыптастырады.
Өсімдіктердің дұрыс дамуы үшін жылыжай ішіндегі температура тұрақты түрде кемінде +22°C деңгейінде сақталады. Суару жүйесі тәулігіне 1 рет іске қосылып, арнайы 8 су сорғы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар топырақты қопсыту, арамшөптерден тазарту және зиянкестерден қорғау жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Дайын көшеттер қала аумағындағы гүлзарларға кезең-кезеңімен отырғызылады. Жалпы жоспар бойынша 10 500 шаршы метр гүлзар аумағы маусымдық гүлдермен көмкеріледі. Сонымен қатар қала аумағында 669 қазандыққа гүл отырғызу, сондай-ақ «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Барысхан» алқабында 5 000 түп көпжылдық раушан гүлін егу көзделген.
Бұдан бөлек, бұрын отырғызылған 35 000 түп көпжылдық раушан гүлін күтіп-баптау, көктемгі ашу және қалпына келтіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, жергілікті жылыжайда гүл өсіру қала бюджетіне елеулі үнем әкеледі. Нарықта бір түп гүлдің бағасы шамамен 350 теңге болса, жылыжайда өсірілген гүлдің өзіндік құны 60 теңге көлемінде қалыптасады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және сыртқы сатып алуға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жылыжай кешені қаланың жасыл инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып отыр. Жыл сайын өсірілетін миллиондаған гүл Тараздың көркін арттырып қана қоймай, экологиялық қолайлы орта қалыптастыруға да өз үлесін қосуда.














