Өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Меркі ауданы ТЖБ қызметкерлері Ойтал ауылдық округінде өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шара барысында мамандар әр үйге барып, тұрмыста жиі қолданылатын электр және газ құралдарының қауіпсіздік талаптарына ерекше тоқталды.
Электр жылытқыштары, газ қондырғылары – бәрі де тұрмысымызға қажет. Алайда, оларды дұрыс қолданбаған жағдайда өрт шығу қаупі жоғарылайды. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға электр желілерінің жарамдылығын үнемі тексеріп отыру, газ құралдарын қараусыз қалдырмау, ақаулы құрылғыларды пайдаланбау сияқты маңызды ережелерді ескертті.
Сонымен қатар, өрттің алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау, төтенше жағдай туындаған кезде дер кезінде әрекет ету жолдары түсіндірілді. Тұрғындарға өрт болған жағдайда жедел қызметтерге уақытылы хабар беру қажеттігі айтылды.
Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін білу және сақтау – әрбір адамның міндеті. Мұндай алдын алу шаралары адам өмірі мен мүлкін сақтауда маңызды рөл атқарады.














