МЕРКІЛІК ЖҰРТ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ЖҰМЫЛДЫ

Аудан аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында барлық елді мекендерде сенбілік ұйымдастырылды. Соның ішінде ең ауқымды шаралардың бірі Меркі ауылдық округінде өтті.
Аудан орталығындағы мекеме ұжымдары, ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері және белсенді жастар бір кісідей жұмылып, тауға баратын жол бойындағы қоғамдық аумақтарды тазалауға атсалысты.
Іс-шара барысында шөптер шабылып, айнала ретке келтірілді. Ботбай баба ескерткішінің маңы толық тазартылып, аумағы абаттандырылды. Ескерткіш айналасындағы гүлзарлар қалыпқа келтіріліп, жаңадан тал көшеттері мен гүлдер отырғызылды. Нәтижесінде бұл жердің көркі айтарлықтай ажарлана түсті.
Сенбілікке қатысқан ақсақалдар мұндай игі істердің маңызын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, тазалық – тек бір күндік жұмыс емес, ол – ортақ жауапкершілік пен мәдениеттің көрінісі.
Осындай бірліктің арқасында туған жеріміздің келбеті күн санап жақсарып келеді. Алдағы уақытта да бұл бастама жалғасын табады.















