«Сенім маршруты» қоғамға жасалған қарымды қадам
«Сенім маршруты» жобасы аясында Меркі ауданында атқарылған жұмыстарды тыңдау, сараптау үшін ауданға Жамбыл облыстық прокуратураның аппарат басшысы Руслан Заурбеков келіп, алқалы жиын өткізді. Өткен жылы қолға алынып, биыл жаңаша жүзеге асып жатқан жобаның мақсаты, тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешу, ұлтаралық ынтымақтастықты сақтау, халықты жұмыспен қамтуды іске асыру болып табылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды – бәрімізге ортақ екенін айтып өткен болатын. Осы қағидатты басты назарға алып, сіздермен кездесіп отырмыз. Мұндай іс-шаралар облысымыздың барлық аудандарында жалғасын табатын болады, -деді Руслан Мұхтарұлы.
Әрине азаматтар өздерінің өмірде тудырып отырған мәселелерімен, яғни өздерінің құқықтарын қалай қорғау, туындаған қиыншылықтар бойынша кімге жүгіну, әлеуметтік сұрақтарымен, тұрмыстық, т.б. сұрақтар бойынша осындай қабылдауларда мамандарға жүгінеді. Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттік мемлекеттік қызметтің ашықтығы, халыққа жақын болу, дер кезінде проблемаларын шешу бойынша көмек көрсету, қоғамдық қарым-қатынасты ұлғайту сияқты негізгі басымдықтарды жетілдіруде және алдағы уақытта оны жоғары деңгейге жеткізу мақсатын іске асыруда.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Қ.Арғымбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары А.Көпбаевтар сөз алып, атқарылған және алдағы уақытқа жоспарланған жобаларын ортаға салды.
Алмас Көпбаевтың сөзінше, ауданда құқықбұзушылық 5,1, ауыр қылмыстар 12,5, ауырлығы орташа қылмыстар 23,9 пайызға төмендеген. Ауданда 12 айдың қорытындысы бойынша 329 іс қаралып, 146 іс түпкілікті шешіліп, қылмысты ашылу деңгейі 44,4 пайызды құрап отыр.
– Ағымдағы жылдың 2 айында Меркі АПБ бойынша қоғамдық орында орын алған қылмыстар +12,5% өскен. Көшеде орын алған қылмыстар -40% төмендеген. Кәмелетке толмағандармен қылмыс орын алмаған. Бұрын сотты болғандармен жасалған жалпы қылмыстың саны +22,2% өскен. Ішімдік ішіп мас күйде жасалған қылмыстар +0.0 % теңелген (4-тен 4-ке дейін). Адамдар тобымен жасалған қылмыстар -100% төмендеген (2-ден 0-ге дейін). Қылмыстың алдын алуда, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтың алдын алуда Меркі АПБ-нің қызметкерлерімен жалпы 1252 әкімшілік хаттама толтырылған, оның ішінде Меркі АПБ ЖПҚБ қызметкерлерімен қоғамдық тәртіпті, қылмыстардың алдын алуды Елбасының «Нөлдік төзбеушілік» қағидасын орындау мақсатында, 25 әкімшілік құқық бұзушылық оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті, жол қауіпсіздігін алдын алуда 606 әкімшілік хаттама толтырылған.
Меркі аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторларының жалпы есебінде 541 тұлға тіркелген.
Аудан аумағында заңсыз аңға шыққаны үшін екі құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 382 бабы 1 бөлігі бойынша хаттама толтырылып ескертулер берілді,-деді аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары.
Облыстық прокуратураның аппарат басшысы Руслан Мұхтар Заурбеков былтырғы жылы ауданға іс-сапары барысында төрт нақты тапсырма жүйесін тілге тиек етіп, тиісті бөлім басшыларынан атқарылған жұмыстары бойынша жауаптарын алды. Атап айтсақ, жайылым жерлердің жетіспеушілігі. Бұл тапсырма аясында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Нұрпейісов сөз сөйлеп, Ақермен ауылдық округінен 2800 га жер мемлекетке қайтарылғаны және 640 га жерді иесінің өз еркімен мемлекет иелігіне өткізгені туралы сөз етті. Сонымен қатар биылғы жылы 10 мың га жерді мемлекет иелігіне қайтару жоспарланғанын да жеткізді.
Жиында ауданға көлік қозғалысының қиындап, үнемі көлік кептелісінің көбеюіне байланысты ұсыныс білдірілді. Бұл мәселеге аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев жауап беріп, ағымдағы жылы 1 млрд.800 мың теңге қаражат қарастырылып, орталық Исмаилов көшесі кеңейтілетіндігін айтты. Сонымен қатар, алдағы жылдары ауданның төмен бөлігінен айналма жол құрылысы да жоспарда бар екенін тілге тиек етті.
Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауаптар алып, облыстық прокуратура қызметкерлерінің жеке қабылдауында болып, өз сұрақтарымен қайырылды.
Лаззат Серікбай,
Меркі ауданы