Құрмет көрсетіп, еске алды

0
39

Кезінде әскери борышын өтеуге барған, мұрты енді ғана тебіндеген бөзбалалар тағдырдың айдауымен Ауған жерінде қайнап жатқан соғыстың, қырғынның үстінен түскендерінде қандай күйде болғанын ешкім дөп басып айтып бере алмас. 1979 жылы басталып, он жылға созылған қантөгіске Жамбыл облысынан екі мыңға тарта, біздің Меркімізден 110 балғын интернацианолистеріміз қатысып, оның бесеуі Ауған жерінде ажал құшып, ең өкініштісі Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына отыз үш жыл мерзімі ішінде, жиырма төрт ауған соғысының ардагері туған жерінде соғыс салған жарадан, жүйкеге түскен салмақтан, қасіретті көтере алмаған жүректен, әр түрлі аурудан дүниеден қош айтысыпты. Әруақтары разы болсын!

Сол Ауған жерінен Кеңес Одағы әскери контингентінің шығарылуының отыз үш жылдығына орай Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль апатының құрбандарына арналған Ескерткішке салтанатты гүл қою, тәу ету рәсімі өтті.
Оған аудан ардагерлері ауған соғысы қатысушылары, зиялы қауым, азаматтық ұйым өкілдері қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев алып, ауған соғысының жүрекке салған жарасы туралы тебірене сөйледі.
– Азияның орталық бөлігін әуре-сарсаңға салып, он жылға созылған соғыстың аяқталғанына және Ауғанстан жерінен бұрынғы Кеңес әскерлерінің шығарылғанына биыл 33 жыл толып отыр, -деді Берік Дүйсенбайұлы.
– Ауған соғысына 110 меркілік жауынгерлер тартылса, облысымыздан 2 мыңдай азамат қатысты. Олардың көбі туған жеріне қайта оралмады. Қаншама ата-ана баянсыз соғыста қаза боған перзенттерінен айырылып, орны толмас қайғы-қасіретке тап болды. Қырғын соғыста қыршынынан қиылып, арманда кеткен боздақтардың ата-аналары, туған-туыстары, қарулас жолдастары, зиялы қауым өкілдері жыл сайын Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, есіл ерлердің әруақтарына тағзым етіп келеміз. Биыл да сол игі дәстүрді сақтап отырмыз.
Жерлестеріміздің қай-қайсысы болса да азаматтық және интернационалистік борыштарын адал атқаруға, Отан намысын қорғауға аянбады.
Егемен ел өз ерлерін ұмытпайды. Соның бір жарқын куәсі, Ауғанстанда әскери міндетін өтеген жауынгерлер Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілді. Оларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Бұл үрдіс алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаса беретін болады.
Халқымыз қашанда Отан алдындағы азаматтық борышында адал болған аяулы да, ардақты азаматтарымыздың абыройын асқақтатып, беделін биік көтере білген.
Бүгінгі кездесуіміз де сол игі дәстүрдің жарасымды жалғасы, ұрпақтар сабақтастығы деп түсінген жөн.
Ауған соғысының аяқталғанына талай жыл өтсе де, оның жүрекке салған жарасы жазылған жоқ. Өшпес ерліктеріңізбен, жасампаз істеріңіз үшін Сіздерге, жауынгер-интернационалистерге қашанда құрметпен бас иеміз.
Баршаңызға мықты денсаулық, қуаныш, бейбітшілік, бақыт тілеймін!
Егемен еліміздің еңсесі биіктеп, аспанымыз ашық бола берсін, — деп аяқтады сөзін.
Одан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев сөз алып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен арамызда төрт-ақ жауынгер қалғанын баса айтып, Ауған соғысы ардагерлерінің дәрежесі солармен теңдестірілгенін тілге тиек етіп, «Қаралы қаңтарда» жіберген кемшіліктерімізді саралай келіп, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін, бұл істе ауған соғысы ардагерлерінің алатын орны өзгеше екенін баса айтты.
Ал, ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымның төрағасы Мұрат Байдәулетовті өздеріне жыл сайын назар аударып, елеп, ескеріп келе жатқан аудан әкімдігіне, қоғамдық ұйымдарға алғысын білдірді.
Салтанатқа қатысушылар шейіт болған сарбаздарды бір минут үнсіз тұрып еске алды.
Содан соң «Қазына» дәмханасында арнайы әзірленген, құран бағышталған дастарханнан дәм татып, қаруластарын еске алды, естеліктерімен бөлісті.

«Меркі Ақиқат»

P.S Сол сияқты бірқатар Ауған соғысының ардагерлеріне аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев аудан әкімінің «Құрмет грамоталарымен, «Алғыс хаттарымен» марапаттады.
Сонымен қатар, өз өтінішімен, зейнетке шығуына байланысты Мұрат Байдәулетовті қаруластары иығына шапан жауып, алғыстарын айтып бірлестік төрағалығынан босатып, орнына Ержан Шолпанқұловты өз қалауларымен ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы етіп сайлады.
Осы сияқты құрметке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев пен аудандық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Серік Құралбайларға да бірлескен, жемісті жұмыстары үшін шапан жауып, құрмет көрсетті.

Comments are closed.