КЕЛІНІ ЖАҚСЫ ҮЙДІҢ – КЕРЕГЕСІ АЛТЫН
Меркі аудандық білім бөлімінің «ТАҢШОЛПАН» бөбекжай — бақшасының тәрбиешісі Қарлығаш Тыныштықбаева осындай тақырыппен өткен, аудандық келіндер байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
№9 Меркі колледжінде «NUR OTAN» партиясы аудандық филиалының «Ынтымақ» бастауыш партия ұйымы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Сарымолдаев ауылдық округіне қарасты мекемелер арасында «Келіні жақсы үйдің — керегесі алтын» атты байқауы болып өтті. Байқаудың мақсаты: халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, ата — бабамыздан мұра болып қалған, әдет — ғұрпын, салт — дәстүрін кеңінен насихаттау, қазақ келініне тән инабаттылық, ізеттілік, тапқырлық, ақылдылық, жауапкершілік, пысықтық қасиеттерді дәріптеу. «Тегін білу — тектілік», байқаудың бұл бөлімінде келіндер өзін таныстырды. Мұнда келіндеріміздің көркемдігі және сырт сымбаты, жүріс — тұрысы сынға алынды. Байқаудың екінші бөлімінде «Ананың әлдиі әлемді тербейді» деп аталып, қатысушы келіндер бесік жырын айтты. Үшінші бөлім «Өнерлі келін — өнегелі келін», бұл бөлімде келіндер өз өнерлерін, ән айту, ертегіден үзінді оқу, өлең оқу, қол өнер бұйымдарын көрсетті. Келесі бөлімде қазақтың ұлттық салт — дәстүрін көрсетті. Бесінші бөлім «Сыр сандық» деп аталып, салт -дәстүр, әдет — ғұрып, жөн- жоралғы жөніндегі сұрақтарға жауап берілді. Соңғы бөлім «Менің хоббиім» деп аталып, келіндер өздерінің жаны сүйіп атқаратын істері жөнінде айтып, көрсете білді. Байқаудың жеңімпазы Қарлығаш Тыныштықбаева бесік жырын айтты, өнер бөлімінде шығыс биін театрландырылған көрініс түрінде билеп берді. Қазақтың салт — дәстүрін көрсетуде баланы қырқынан шығару дәстүрін көрсетті. Сыр — сандық, сұрақ — жауап бөлімінде де оларға өте дұрыс жауап берді. Қарлығаш хоббиі түрлі тәттілер пісіру екенін айта келе, торттың бірнеше түрін пісіріп әкеліп көрсетті. Қазылар алқасы бірауыздан, қатысқан 6 келіннің ішінен Қарлығаш Тыныштықбаеваға БАС ЖҮЛДЕНІ беруді шешті. Өнегелі де, өнерлі, жұмыста да алда жүретін Қарлығашқа көп табыстар, жемісті жеңістер тілейміз!!!
Әсем Боранқұлова,
«Таңшолпан» бөбекжай — бақшасы