Көңіл тасар- қастерлі Асар

0
54

Жалпы халқымызда, салт-дәстүрімізде жетім-жесірге, жағдайы төмен отбасыларына, тіпті үйленуге мүмкіндігі жоқ жігіттерге, бозбалаларға қалың малын көп болып жинап, төлеп, үйлендіріп, бәсірелерін беріп, еншілерін ел болып жинап, отау үй етіп шығару, бір отбасынан үш қыз тұрмысқа шықса оған да ауыл болып Жылу-жүрек жылуын әркім өз мүмкіндігінше жинап беріп, ұзату да ата салтымызда бар қасиет.

Осындай игілікті Асарлатып үй салу да ауданымызда қарқынды жүруде. Егер осы дәстүрді бабаларымыз «Көп түкірсе көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бірлік түбі-тірлік», «Берекені көктен тілеме, бірлігі бір көптен тіле», деп айшықтай айтып, кейінге үлгі, мұра етіп кеткен.
Өткен жылы ауданымызда осындай тәсілмен 12 тұрғын үй, бір асхана салынса, биыл да бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп күтілуде. Солардың бірі, бірегейі екі айда бой көтеріп, пайдалануға беріліп тұрған үйді иесіне табыстау салтанаты Т.Рысқұлов ауылдық округінің Интернациональный бөлімшесінде өтті.
Ауданда бірінші болып 72 жастағы зағип, он сегіз жасар мүгедек баласы бар Қобылан Жүсіповке тапсырылып жатқан, үш бөлмелі хан сарайындай, көз жауын алатын үйдің қуанышына ауданнан да, ауылдан да зиялы қауым өкілдері, көрші-қолаң, тілеулестер, кәсіпкерлер айтарлықтай жиналып, игілікті істің нәтижесіне өз ризалықтарын білдірді.
Салтанаттың ашылу рәсімінде аудан әкімі Руслан Нұрсипатов құттықтау сөз сөйлеп, шынайы алғысын білдіріп, ауданда бірінші болып, асарлатып үй салып бітірген Т.Рысқұлов ауылдық округінің мецанат кәсіпкерлеріне, өз үлесін қосқан ауыл тұрғындарына, атпал азаматтарына, ел бірлігін ойлаған қарияларына дән ризалығын білдірді.
Сонымен қатар биыл ауданда төрт пәтерлі 25 үйдің құрылысы басталғанын, оған көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтамасыз етілген 100 отбасы, арнайы комиссияның шешімімен қоныстанатынын жеткізіп, одан басқа бес қабатты, әр қайсысы 60 пәтерлік бес үй мәселесі қолға алынып, оңды шешім қабылданса, оған 300 осындай отбасы ие болатынын, өз түтінін түтетінін айтып, Т.Рысқұлов ауылындағы асарлатып салынған үйге қомақты үлес қосқан Атымтай Жомарттарға аудан әкімінің «Алғыс Хаттарын» тапсырып, тағы да алғысын білдірді.
Салтанатта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, қоғам белсендісі, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Таттықұлова, Т.Рысқұлов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Молдазовтар сөйлеп, игілікті іс басқаларға да жұғысты болып, жаңа отбасы иелеріне ізгілік тіледі.
Қуаныштың шашуы шашылып, тұсауы кесіліп, келген қонақтар жаңа үйді аралап көріп, қазақи дәстүрмен жаңа пісірілген бауырсақтардан ауыз тиіп, шаңыраққа шаттық тіледі.

Нұрай Махан,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.