Өзгерістер жылы: Әр азаматқа лайықты өмір

0
330

Аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Руслан Нұрсипатовтың баяндамасы

Құрметті конференция делегаттары!, Құрметті қонақтар!
2020 жыл барлығымыз үшін үлкен сынақ жылы болды. Коронавирустық пандемия біздің өмірімізді, басымдықтарымызды өзгертіп, көптеген мәселелерге басқаша қарауға мәжбүр етті және біздің мемлекетіміздің басты құндылығы — адамның өмірі мен денсаулығы екенін тағы да дәлелдеді. Қазақстан, әлемнің басқа елдері сияқты, ұзақ мерзімді карантинге және шектеу шараларына байланысты үлкен қиындықтарға тап болды. Осы сын-қатерлерге қарамастан, «Nur Otan» партиясы экономиканы дамытудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыспен қамтуды сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, біздің ауданды өмір сүру үшін қауіпсіз әрі жайлы ету үшін бар күшін салды. «Nur Otan» партиясы қоғамдық-саяси ұйымдардың ішінен алғашқылардың бірі болып пандемияның әлеуметтік- экономикалық салдарына қарсы тұрды. Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы аудан аумағында 1651 адамға 50 мың теңгеден қаржылай көмек жалпы соммасы 82 550 000 теңгеге көмек көрсетілді, халықтың неғұрлым аз қорғалған топтарына жататын 2 мың отбасына 4 мыңға жуық медициналық маска тегін таратылды. 1 484 адамға 14 840 000 теңге сомаға бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 700 мың теңгеге гуманитарлық көмек жіберілді. Бүгінгі таңда азаматтар «Nur Otan» партиясынан нақты мәселелерді шешуді және бастамаларды ілгерілетуді күтуде. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы өз жұмысына жаңа формат енгізді, тұңғыш рет республикалық ауқымда праймериз өткізілді. 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында өткен ішкіпартиялық іріктеуде жоғарғы көрсеткіш көрсете білген 35 үміткер партия атынан олыстық және аудандық мәслихатқа үміткер ретінде түсті. Бұның барлығы – Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияны «қайта жандандыру» жөніндегі бастамасының арқасында жүзеге асты. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялы заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 20 және 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді. 2021 жылдың 10 қаңтары күні өткен сайлау қазақстандықтар еліміздің әрі қарай дамуын біздің партиямызбен байланыстыратынын көрсетті. Сайлау қорытындысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламамыз – еліміз бен өңірлерді алдағы 5 жылда дамытудың сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Биліктің атқарушы органдарының есептілігін арттыру мақсатында, Елбасы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сайлауда жеңіске жеткен саяси партияның сайлауалды бағдарламасын мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграциялау жөнінде және мәслихат депутаттары сайлауалды уәделерге негізделген аумақты дамыту бағдарламаларды іске асыру тиімділігін егжей-тегжейлі бақылайтындығын айтқан болатын. Аталған шаралар лауазымды тұлғалардың ауысымдылығына қарамастан мемлекеттік бағыттың сабақтастығын, транспаренттілігін, ашықтығын және мониторингін қамтамасыз ететін болады. 2021 жылдың ақпан айында партия аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясында сайлауалды бағдарлама негізінде даярланған жол картасы талқыланып, партия аудандық филиалы Саяси кеңес Бюросы отырысында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде Жол картасы бекітіліп, оған жауапты фракция мүшелері мен орындаушылар белгіленді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің жұмысы да қайта құрылымданды. Жақында партияның Саяси кеңесі Бюросының шешімімен партиялық кураторлар институтының орнына «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылауға негізделген 7 қоғамдық кеңес құрылып, партия аудандық филиалының Саяси кеңесі Бюросының отырысында бекітілді. Жалпы, аталған Қоғамдық кеңестер Партия Лидерінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, аумақта партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына монинторинг жасауды қамтамасыз етеді.
Құрметті партияластар!
Партия жұмысының басты бағытының бірі – өткен іске есеп беру. Бүгін біз екі жылда атқарған жұмысымызды, алдағы атқарар істер барысының тиімділігі мен Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған мақсат-міндеттерін талқылауға көшеміз. 2019 – 2020 жылдары аралығында «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалының кезекті есеп-беру конференциясынан бері бүгінге күнге дейін партия аудандық филиалының Саяси кеңесі елеулі жұмыстар жүргізгенін анық байқауымызға болады.
Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Nur Otan» партиясын жаңғырту тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы партия мүшелерінің санына емес, сапасына басты назар аударып 100-ге дейінгі партия мүшесі бар шағын ұйымдар ірі бастауыш ұйымдарға біріктірілді. Атап айтқанда ағымдағы жылдың қаңтар айында «Қарға батыр» бастауыш партия ұйымы «Жеміс-жидек» бастауыш партия ұйымына, «Ақ жол» бастауыш партия ұйымы «Тәтті» бастауыш партия ұйымына біріктірілді. Нәтижесінде аудандағы 27 бастауыш ұйымының екеуі қысқартылып, 25 бастауыш ұйым қалды.
2019 жылдың бірінші қаңтарына партия аудандық филиалы мүшелерінің саны 5402 адамды құраса, бүгінгі таңда партия мүшелері 4236 адамды құрап, 141 партиялық топқа біріктірілді. Партия Меркі аудандық филиалына қарасты 25 бастауыш партия ұйымының 23-і жеке кабинетпен қамтамасыз етіліп, ол бастауыш партия ұйымдарында бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдаулар, бірыңғай «ашық есік» күндерін жүйелі түрде өткізуге ықпалын тигізуде.
Ішкіпартиялық және қаржылық тәртіпті күшейту, партия Жарғысы талаптарын орындау мақсатымен Саяси кеңесі мен Бюро отырыстары
жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Сонымен қатар есепті мерзімде Партия аудандық филиалының кезектен тыс 4 конференциясы, 2 Саяси кеңесінің отырысы, 14 Саяси кеңес бюросының отырысы өткізілді.
Бұл отырыстарда мақсат-міндеттері айқындалып, тиісті қаулылар қабылданды.
Партия кадрларын және бастауыш партия ұйымдарының төрағаларының біліктілігін арттыру мақсатында екі жылда әр түрлі облыстық, аудандық семинар-тренингтер мен басқа да шаралар өткізілді.
Бастауыш партия ұйымының жұмыстарына аса мән беру уақыт талабы. Бастауыш ұйымдар, мәслихат депутаттары ауданның, жергілікті тұрғындар өмірінің және экономикалық даму мәселелерінің шешілуіне ұйытқы болуы керек. Олар осы шаралардың барлығына қатыса отырып, ауданның инфрақұрылымын қарқынды дамыту, ауылдық округ әкімдерінің бюджеттік нәтижелілігін көтеру жұмыстарын үнемі назарда ұстауға тиіс.
Осы жұмыстардың нәтижесінде ауданымызда Партияның жұмысы бір жүйеге қойылып, бүгінгі таңда партия ұйымының жұмысына деген оң қоғамдық пікір қалыптасып отыр.
Сондай-ақ, ішкіпартиялық тәр-тіпті нығайту, партия мүшелеріне жүктелген міндеттерін орындау, партиялық тәртіпті қадағалау бойынша Партиялық бақылау комиссиясы жұмыс атқарып келеді. Жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда ауданда партиялық жарнаның орындалуы 100 % -ды құрап отыр.
2019 жылдың 21 тамызы күні өткен Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы Қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. «Nur Otan» өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс» – деді. Бүгінде партия Меркі аудандық филиалы тарапынан аудандық спикерлер пулы жасақталып, сонымен қатар әр сала, елді мекеннен, бастауыш партия ұйымдарынан әлеуметтік желіде белсенді пікір білдіріп, партияның атқарған жұмыстары туралы нақты жазып, мүддесін қорғай білетін 50 азаматтан құралған белсенді азаматтар деркқоры жасақталды. Қазір әлеуметтік желіні кез келген жастағы сарапшылар, саясаттанушылар, жазушылар мен әдебиетшілер, бір сөзбен айтқанда, көкірегі ояу зиялы қауым түгел қолданады. Әлеуметтік желі – ашық әрі тегін алаң. Біз осы алаңды партиялық идеологияны таратуда тиімді пайдалана білуіміз керек деп ойлаймын.
Бүгінде партия өзінің негізгі қызметін айқындайтын 6 партиялық жоба бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Заман талабына сай назар аударуды қажет ететін, ең өзекті сұрақтарды қамтып, қоғамның барлық әлеуметтік топтарының мүдделерін қамтып отыр. Осы жобалар негізінде іс-шаралар жоспары жасалынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, есепті мерзімде «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай ҰОС соғысының ардагерлері мен қатысушыларына, жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне, жалпы 74 азаматқа көмек берілді. «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында аудан бойынша 2 жылда 65-тен аса әртүрлі қайырымдылық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. 2020 жылы пандемияға байланысты іс-шаралардың басым бөлігі онлайн форматта өткізілді. Партияның жұмысына «Жас Отан» Жастар қанаты да өз үлестерін қосып келеді. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 21 ескерткішке көгеріштендіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бүгінгі жастарымыз үшін үлгі- өнеге боларлық іс деп бағалаймын.
Тұрғындарға пайдасын тигізіп келе жатқан «Бақытты отбасы» партиялық жобасы жыл сайын партия мүшелерінің қолдауымен жүзеге асып келеді. Бұл жоба аясында аудан бойынша аз қамтылған, көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек және балалардың мектептен тыс қалмауын қамтамасыз ету мақсатында «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында кәсіпкерлеріміздің және бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің демеушілігімен 2019 жылы 352 бала қажетті оқу құрал-жабдықтары мен киім-кешекпен қамтамасыз етілді. 2020 жылы аталмыш партиялық жоба аясында пандемия мерзімінде әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалардың қашықтықтан сапалы білім алуын қамтамасыз етуі мақсатында аудандық «Жомарт жүрек» қайырымдылық қорының демеушілігімен 30 бала смартфондармен қамтылды. 784 әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қажетті азық түліктермен қамтылды.
Партияның маңызды жобаларының бірі «Кедергісіз келешек». Бұл жоба аясында Меркі ауданында нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуіне 2019-2020 жылдарының шілде, тамыз айларында 35 нысан зерделеуден өтіп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берілді.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында 9 тақырыптық қабылдау өткізіліп, 29 мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерінің оң шешім табуына ықпал етілді.
Құрметті конференция қатысушылары!
Қазіргі таңда тұрғындармен тікелей байланыстың бірден бір жолы – қоғамдық қабылдау.
Қоғамдық қабылдау бөлмесінде бекітілген кестеге сәйкес партия аудандық филиалы төрағасы,оның бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасарлары, фракция мүшелері, бөлім басшылары және Партиялық бақылау комиссиясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшелері, құқық қорғау органдары басшылары тұрақты қабылдау өткізіп тұрады.
Халықпен кері байланыс орнату, әлеуметтік желілер мен танымал мессенджерлер арқылы тұрғындардың өтініштерін қабылдау және оны шешу бойынша жұмыстарды күшейтуге бағытталған шаралар атқарылуда. Өтініштердің маңызды бөлігі «Цифралық партия» ресурсы арқылы келіп түседі. Яғни, «Documentolog» платформасындағы электронды құжат айналымның жүйесіне өтініштер беру немесе партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне қабылдауға жазылу процестері азаматтар үшін қолжетімді, ал өтініштерді қарау барысы жаңғыру жұмыстарының нәижесінде неғұрлым айқын болды. Соның арқасында халықтың көптеген сұрақтары жылдам және тиімді шешілуде. Мәселен, 2019 жылдың ішінде аудан бойынша 421 азамат қабылданып оның 131-нің мәселесі оң шешім тапты, ал 2020 жылы 1238 өтініш түсіп оның 961 оң шешім тапты. 2020 жылдың 13 наурызынан бастап, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Қ.Байбектің бұйрығына сәйкес партия филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылдаулар тоқтатылып, онлайн-режимге көшірілген. Онлайн-режимге көшірілгеннен кейін 1163 өтініш түсіп, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы (фейсбук пен инстраграмм) 29 және ватсап месенджері арқылы 187 өтініш түскен.Наурыздың 13-нен бастап, партия филиалдарының жедел желілеріне (горячая линия) 947 телефон қоңыраулары түскен. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қолдау түбегейлі түрде өзгертілді. «Заңгерлік көмек» және «Халыққа көмек» партиялық жобалары іске асырылып, жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына кешенді заңгерлік көмек көрсетіліп келеді.
Айта кетерлік, социологиялық сауалнамалардың қорытындысы бойынша құқықтарды қорғау мәселелерінде партияға деген сенім соттан кейін екінші орында тұр.
Негізінен партия жұмысы тек қана партия филиалы аппараты қызметкерлерінің ғана жұмысымен бағаланбайды. Сондай-ақ, партияның аудандық филиалының құрылымдары, олар: Саяси кеңес, Саяси кеңес Бюросы, Партиялық бақылау комиссиясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес, «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының жұмыстарымен де бағаланып, аталған құрылымдарға мүше болып табылатын партия мүшелерінің еңбегімен де өлшенеді.
Есепті мерзімде Партиялық бақылау комиссиясының 12 отырысы, 3 семинар кеңес отырысы, 2 «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Онда мемлекеттік орган басшыларының, мекеме басшыларының өздеріне жүктелген міндеттерінің орындалуы бойынша есептері тыңдалады. Партиялық бақылау комиссия мүшелерімен мемлекеттік, салалық және аймақтық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау мақсатында құрылыс нысандарына 21 рейд жұмыстары жүргізілді.
Аудандық филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесте екі жылда 12 отырыс, 4 «дөңгелек үстел» отырысы, 3 семинар өтті.
Аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері сайлаушыларға берген аманаттарын орындап, елмен, халықпен етене жұмыс атқаруда. Фракция мүшелерінің аудан көлеміндегі партиялық іс-шаралар мен партиялық жобалар шеңберіндегі қайырымдылық акцияларына қатысу белсенділігі қалыптасқан. Партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы бекітілген жоспарға сәйкес есепте 2019-2020 жылдары кезеңінде депутаттық фракцияның 8 отырысы өткізілді. Фракция отырыстарында бекітілген жоспарларға сәйкес негізгі мәселелермен қатар, тиісті мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдау дағдысы қалыптасқан.
Құрметті нұротандықтар!
«Nur Otan» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде халқымыздың бірлігіне, еліміздің гүлденуіне және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатына жұмыс істеуді жалғас-
тырады.
Біз алдымызға Сіздердің сенімдеріңізді ақтау міндетін қоямыз.
Біз ауданның әрбір тұрғыны жайлы өмір сүру, даму және өзін-өзі жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерге ие болатын әл-ауқат қоғамын бірге құрамыз. Сөзімді қорытындылай келе қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз құрметті нұротандықтар! Еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе жұмыс атқаруға баршаңызды шақырамын!

Comments are closed.