«АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Бір жылдан астам уақыт бойы біз пандемия жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Осы уақыт аралығында карантин жағдайына ақырындап көндігіп келеміз.
Үкімет және «Атамекен» ҰКП-ның бірлескен жұмысы арқылы 2020 жылдың тамызынан бастап бизнес субъектілердің 90 пайызынан астамы жұмысын жандандыра алды. Бизнеске мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетілді.
Компьютер клубтары мен боулинг орталықтарына жұмыс істеуге мүмкіндік берген ASHYQ қосымшасы іске қосылды. Қоғамдық тамақтану нысандары, кинотеатрлар, банктер, ірі кеңселердің пилоттық жобаға қатысу мүмкіндігі талқыланып жатыр.
Ел кәсіпкерлері ең бастысы – халықтың амандығы мен деннің саулығы екенін қаперде ұстайды!
Қазақстанда күрделі эпидемиологиялық жағдай өршіп жатқанын түсінеміз. Жекелеген өңірлерде індет қарасы дендеп барады, коронавирустың аса қауіпті штамдары тіркелген. Ауыр жағдай Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде орын алған. Індеттің өршуіне байланысты Еуропаның бірқатар мемлекетінде қатаң шектеулер енгізіліп жатыр.Дегенмен, Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің 2021 жылғы 19 наурыздағы шешімін тым қатаң деп санаймыз. Шектеулерді 2021 жылдың 27 наурызынан 12 сәуірге дейін ұзартуға кәсіпкерлер орынды наразылық білдіріп, жұмысты мүлдем тоқтатуға қатысты ақпар эмоциялық реніш толқынын тудырды. Алматы қаласы бас санитар дәрігеріне жуық арада «қызыл аймақта» тұрған Нұр-Сұлтан қаласындағы алгоритмге сәйкес шектеу шараларын жұмсарту үшін қайта қарауды ұсынамыз.
Кәсіпкерлердің басты талап-тілегі – бизнес пен жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жұмыс істеуге мүмкіндік беру. Егер бұл мүмкін болмаса, онда зардап шеккен бизнеске, өткен жылы жасалғандай, тиісті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету қажет.
Қазір «Атамекен» ҰКП Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, қызметіне әлі де тыйым салынған немесе шектеу шараларынан зардап шеккен бизнес үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралар пакетін дайындап жатыр.
«Атамекен» ҰКП жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, еліміздегі бизнес өкілдері салық және несие төлемдерін кейінге шегеруді, ағымдағы несие сомасын қайта қаржыландыруды, салық және еңбекақы төлеу қорының төлемдерінен босатуды сұрап отыр. Сондай-ақ, жалға алу құны және коммуналдық төлемдерді өтеуге көмек қажет екенін және кәсіпкерлер өз қызметкерлерінің мемлекеттен 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмегін алуына ықпал етіп, тұтынушылық несиелері бойынша төлем мерзімін кейінге шегеруді сұрап отыр.
«Атамекен» ҰКП пандемия басталғалы бері Үкіметпен ынтымақтаса жұмыс жасап отыр. Орынды диалог пен ортақ келісім көздерін іздеу арқылы тиімді нәтижелерге қол жеткіздік. Күш-жігерімізді біріктіру арқылы бұл жағдайды да еңсеретінімізге және жаңа шаралар кешенін жасақтайтынымызға сенімдіміз.