Құрметті облыс тұрғындары!
Қадірменді әлеумет!
Бүгінде жер-жаһанга қауіп
төндірген коронавирус індеті бізді де айналып өтпей, қатерін төндіруде. Күн
өткен сайын ауру өршіп барады. Қаза болып жатқандар да аз емес. Сондықтан да,
Сіздерді үрейге бой алдырмай сабырлылық танытуға шақырамыз. Бұрындары да біздің
халқымыздың басынан небір қиындық еткен. Сонда халқымыз қайыспай қарсы тұрып,
ұйымдасқан түрде ұлт болып ұйысып, мызғымас бірліктің арқасында сол
қиыншылықтарды жеңіп шыққан. Сол себепті, бойыңызда дерттің белгісі бар деп
ойласаңыз, өз беттеріңізше ем- дом қабылдамай, білікті маман дәрігерлерге
жүгінулеріңізді сұранамыз. Дәрігердің нұсқаулығымен ғана дәрі-дәрмек сатып
алуға кеңес береміз. Тиісті дәрілерді қажет, қажет еместігіне қарамай, көптеп
сатып алып, қолдан тапшылық тудырмаңыздар. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген дана
халқымыз. Жақсы сездерге құлақ түріңіздер. Жақсы күндерден күдер үзбеңіздер,
жалған ақпаратқа бой алдырмаңыздар. Тек ресми деректерге сүйенгендеріңізді
қалаймыз. Шыны керек, ауыртпалық жасы келген,
бұрыннан созылмалы сырқаттары бар қарт кісілерге көбірек түсуде.
Сондықтан, 65-тен жасы асқан замандастар-
ымызға сөз арнай отырып, оларды үйден аса қажеттілік болмаса шықпауға шақырамыз.
Той-томалақты әзірге доғара тұрғанымыз жөн. Қазаға тап болған отбасылары да
әзірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шығарған бәтуасына
құлақ түргендері дұрыс. Жалпы, карантин кезінде тәртіп пен талапты мұқият
орындағанымыз абзал. Бұл ең алдымен өзімізге, жақындарымызға, туған-туыстары-
мызға қажет.
Тәртіпті тек өзіміз ғана сақтап қана қоймайық, құрметті қариялар, төңірегімізден, үлкеннің сөзін тыңдар көпшіліктен талап етейік. Бүгінгідей қиын заманда мұндай сөзді ақсақалдар айтпағанда, ардагерлер айтпағанда, кім айтады. Сіздерге сөз арнай отырып, елдің ертеңінің жарқын болатындығына, бұл аты жаман ауруды жеңетінімізге, біздерді жақсы күндердің күтіп тұрғандығына сендіргіміз келеді, ардақты әлеумет!
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ
АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ