Әділет» өңірлік сапарын жалғастыруда: басты назарда – ауылды дамыту және әділетті қоғам

«Әділет» партиясының өкілдері «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында өңір тұрғындарымен кездесулерін жалғастырды. Бұл жолы партия өкілдері Солтүстік Қазақстан облысына барып, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, елді мекендердегі ең өзекті мәселелерді талқылады. Кездесулер қорытындысында тұрғындар ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты 100-ге жуық ұсыныс айтты.
Спортшылармен, еңбек ұжымдарымен және туризм саласының өкілдерімен өткен кездесулерде параспортшыларды қолдау, балалар және бұқаралық спортты дамыту, спорт нысандарын салу, ауыл жаттықтырушыларына грант бөлу, сондай-ақ ArtSport және Damubala бағдарламаларын қаржыландыру мәселелері көтерілді.
«НОВОПЭК» кәсіпорнында партия өкілдері отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту жоспарларына тоқталды. Сондай-ақ экономикадағы орта бизнестің үлесін қазіргі 7%-дан 20%-ға дейін арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді.
Бурабай ауданында туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, балалардың сауықтыру орталықтарын қолдау, экотуризм мен агротуризмді өркендету, отбасылық қонақүйлер мен жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету жайы сөз болды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында табиғатты қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Партия өкілдерінің айтуынша, өңірлік сапар барысында тұрғындардан жиналған ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілмек.
Кешке «Әділет» партиясының мүшелері «Жеңіс» – «Елімай» футбол матчын тамашалап, командаларға қолдау білдірді. 700-ге жуық белсенді көпшілікпен бірге футбол мерекесінің көрігін қыздырды.

















