ЖАҢАРҒАН АТА ЗАҢ — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Меркі ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті тұрғындар мен ауыл ақсақалдарының қатысуымен келелі жүздесу өтті. Басқосудың басты тақырыбы — биылғы 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның жаңа мазмұны мен ел өміріне әкелетін оң өзгерістерін түсіндіру болды.
Жиынды ашқан аудандық жұмысшы топтың жетекшісі, Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры Клара Рақаева мен «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы заңнамаға енгізілген реформалардың мән-маңызына кеңінен тоқталды. Олар Ата Заңның әрбір бабы азаматтардың құқығын қорғауға және мемлекеттік басқару жүйесін ашық етуге бағытталғанын қарапайым тілмен, нақты мысалдармен түсіндіріп берді.
Еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде ауыл тұрғындары да өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, елдің саяси тұрғыдан жаңғыруы, адам құқықтарының жоғары құндылық ретінде бекітілуі және қоғамдық келісімді сақтау төңірегінде тұшымды ойлар айтылып, құқықтық мәдениетті көтерудің маңызы сөз болды. Қатысушылар жаңа Конституция тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайтудың берік іргетасы болатынына сенім білдірді.














