Таразда заңсыз есірткі жарнамасына қарсы ауқымды тазарту акциясы өтті

2026 жылдың 4 мамыр күні «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Тараз қаласында заңсыз есірткі жарнамаларына қарсы арнайы тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Игі шара Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының бастамасымен жүзеге асты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Акцияның негізгі мақсаты – қала аумағындағы тұрғын үйлер мен қоғамдық орындарда заңсыз жазылған есірткіге қатысты граффити мен жарнамаларды жою арқылы қоғамды зиянды ақпараттан қорғау және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының еріктілері және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері белсенді қатысты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде бірнеше сағат ішінде қаладағы тұрғын үйлердің қабырғаларынан 100-ден астам жазу мен 30-ға жуық заңсыз граффити толықтай өшірілді.
Мұндай акциялар – қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Заңсыз есірткі жарнамаларын жою арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар жастарды теріс әрекеттерден қорғау көзделеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, қала тазалығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болмақ.















