ХАЛЫҚТЫҚ КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ

Елімізде 15 наурыз күні Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өтеді. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын, әрбір азаматтың таңдауына негізделген маңызды саяси науқан.
Осыған байланысты аудан аумағында тұрғындарға конституциялық реформаның мәні мен маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Басты мақсат – халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, болашаққа бейжай қарамайтын белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру.
Аталған жұмыстар аясында аудандық жалпыұлттық коалиция мүшелері мен еріктілер аудан тұрғындарына арнайы ақпараттық-насихат материалдарын таратып, референдумның маңыздылығын кеңінен түсіндірді. Олар тұрғындарды ел болашағына бейжай қарамай, тарихи маңызы бар саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Жаңа Конституция жобасы – мемлекет дамуының жаңа бағдарын айқындап, әділетті қоғам құруға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды құжат. Бұл – елдің ертеңі үшін қабылданатын тағдырлы шешімдердің бірі.
Әр азаматтың дауысы – ел болашағына қосқан үлесі. Сондықтан референдумға қатысу – ортақ жауапкершілік пен ел тағдырына деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.
















