Қазақстанда «Омикрон» штаммы тез таралуда — Ажар Ғиният

0
27

Қазақстанда «Омикрон» штаммы тез таралуда — Ажар Ғиният

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық жағдай мен КВИ ауруы туралы баяндады.

«Қазақстанда «Омикрон» нұсқасы да қарқынды таралуда және бүгінде Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел қызыл аймақта орналасқан. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды сипаттайтын негізгі көрсеткіштер Омикрон нұсқасының таралуын растайды. Мысалы, соңғы айда коронавирустық инфекциямен сырқаттану 19,6 есе өсті», — деп хабарлады мекеме басшысы.

Бұл ретте репродуктивті сан 2,1 есе, COVID-19-ға тестілеудің тәуліктік көлемі 3,5 есе артып, 50 мың тестке жетті.

Ажар Ғиният «Омикрон» коронавирусының штаммымен ауыру жеңіл және асимптоматикалық түрде жүретінін және шамамен 2 күндік қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталатынын хабарлады.

Аурудың алғашқы белгілері «тұмау» көрінісінің пайда болуы, яғни, тұмау мен жедел респираторлық аурулардағыдай — қызба, әлсіздік, бас ауруы, жөтел.

«Ауруханаға жатқызылғандардың үлес салмағы анықталған жағдайлардан 19,5%-ды құрайды, стационарға аурудың орташа және ауыр дәрежесі бар пациенттер түседі, оларда температураның 3 күннен астам жоғарылауы, интоксикацияның айқын белгілері, ентігу, сондай-ақ қауіп тобына жататын науқастар байқалады. Бұл ретте ауыр және өте ауыр науқастардың үлесі ауруханаға жатқызылғандардың 5% — ын құрайды, олар реанимация бөлімшесінде жатыр», — деп баяндады ҚР ДСМ басшысы.

Амбулаториялық науқастар санының өсуін ескере отырып, денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, МСАК деңгейінде уақтылы медициналық көмекті нығайту және ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды.

Осылайша, 3054 мобильді бригада, резервте 1622 бригада жұмыс істейді. КВИ бар науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері қосылған. Шұғыл медициналық көмекті 1486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте 150.

КВИ медициналық көмек көрсетуге барлығы 40 мыңға жуық медицина қызметкері тартылған, оның ішінде 7 239 дәрігер, бұл ретте 4 556 бірлік резерв бар, оның ішінде 1217 дәрігер.

Comments are closed.