Жақсы істер қатар жүреді сыпатайлықтардың жетістіктері бұған нақты дәлел
Міне, жыл аяғы жетті. Оның нәтижелері, қай салада болмасын негізгі қорытындылары белгілі. Аудандағы озық шаруашылық – агроқұрылымдар көшбасшысы болып танылған «Сыпатай батыр» серіктестігі егін шаруашылығында жиын-терін науқанын аяқтай отырып, сабантойын өткізді.
Диқандар жылда осылай күздің соңына қарай бас қосатын тойларында қалай мақтанса да жарасады. Басты дақылдар қант қызылшасының гектар түсімі 700 центнерді жуықтаса, бидай мен арпа 30 центнерден айналды. Бұл аудан бойынша орташа көрсеткіштен анағұрлым жоғары.
Еңбегің жанып, мәртебең озып тұрса неге емен жарқын тойламасқа. Аудан орталығында «Хаят» мейрамханасында сыпатайлықтардың сабантойы «көрген де арманда, көрмегенде арманда» дерлік өте бір тамаша, тәлімді, тағылымды іс-шара болды. Қанат Кеналыұлы Шайхиев басқаратын серіктестікте еңбек озаттары үшін басқа шаруашылықтарда, тіпті облыс бойынша жоқ үлкен көтермелеу, қолдау шаралары қарастырылған. Ол бойынша көп жылдардан бері бәйгеге автокөліктер, ақшалай – заттай сыйлықтар тігіліп келеді. Әр жылы бір емес, әлденеше автокөлік сыйлануы серіктестіктің зор мүмкіндік, қарымын аңғартқандай. Өткен жылы бәйгеге бес автокөлік берілсе, биыл оның саны жетіге жетті. – Еңбек адамдарына жағдай жасаса, оның қайтарымы да мол болады,- деген ұстанымды берік ұстаған Қанатқа қалай риза болмассың.
Сонымен сабантойда серіктестіктің ең таңдаулы диқандары, жүргізуші мехенизаторлары бір-бір «темір тұлпар» мініп қайтты. Атап айтсақ Нуридин Таңатаров пен Мұхтар Молдашқа, Жорабек Тулыбековке «Ауди С4» автокөлігін, Алмас Расиловқа «Мерседес 230»-дың, Тимур Арыслановқа — «Тайота-Карина Е», Жомарт Майлықожаевқа «Ауди Б4», Есбол Мәденге «Ауди 100» көлігінің кілтін шаруашылық басшысы салтанатты түрде тапсырды.
«Хаят» мейрамханасында астықтан, қант қызылшасынан мол өнім өсіріп, уақтылы ысырапсыз жинап алуға өзіндік үлестерін қосқан өзге де еңбеккерлер – қатардағы диқандар, мамандар 100 мың теңгеден 3 млн. теңгеге дейін сыйлық алды. Бәйге, жүлде тапсырылмаған, еңбегі еленбеген бірде-бір сыпатайлық қалмады. Құрметке күзетшіге дейін ие болды.
Көрсеткіш көңілдегідей болған соң дастархан басында айтылар сөз де жетерлік, ниет те ақ. Маңдай тердің арқасында табыстың тай қазанын тасытып, мерейі асқан сыпатайлықтарды аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрағасы Жаналы Көбейұлы, аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев қол жеткен жетістіктерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді Ж.Көбейұлы серіктестіктің бас агрономы Хайрадин Бадаловқа 2 – дәрежелі «Еңбек даңқы» медалін тапсырды. Мейрамханада кезінде шаруашылыққа еңбегі сіңген ардагерлер, серіктестіктің одан әрі дамуына ат салысып жүрген диқандар, механизатор, мамандар өз ойларын ортаға салып, жетістіктерімізді баянды ете түсейік деген жылы лебіздерін жеткізісті. Керемет басқосуда той иелерінің, қуанышқа ортақтаса келген қонақтардың риза көңіл, жадыраңқы жүздерінен мейрамхана іші арайланып кеткендей әсер қалдырды. Аянбай еңбек етіп оның рахаты, ризығы нәсіп болғандар ғана осылай емін еркін, асып-тасқан көңілмен тойлай алады.
Әшейінде асығыс жүретін Қ.Шайхиев те бір дегбір тауып, көңілі орнына түсіп:
– Осындай ұмтылысымызды одан әрі ұластырып, табысты еңбек ете берейік. Келесі жылдан алатын ақыларыңыз 100 пайызға артады, – деуі үлкен серпіліс туғызып, мерекелік отырыс өз ретімен жалғаса түсті.
Көктемнің жаңбырлы, жаздың аптап, күздің егінді тездеп сеуіп бітсек дейтін тынымсыз күндері артта қалып, диқаның жұлдызды сәті-сабантойда қатар отырған бас агроном Хайрадин Бадаловты сөзге тарттым.
—Келер жылдың өнімінің қамы қалай жасалуда?
Бүгін 3 миллион теңге сыйлықты қалтаға басқан ол нағыз миллионер. Ж. Көбейұлы кеудесіне жарқырата «Еңбек даңқы» медалін қадап берген ол маған Еңбек ерінен кем еместей көрінді. Риза кейіппен:
– Шүкір аллаға. Биыл бұйырғанын алдық. Алдағы жылғы сабантойда да еңсеміз биік болып тұрса екен дейміз, – дейді – Сол үшін 1750 га күздік бидай мен 100 га күздік арпамызды уақтылы сеуіп алдық.
–Тұқымның сапасына баса көңіл бөлінген болар?
– Әрине. Күздік бидайдың екі сұрыпын ектік. Оның бірі-француздық «Эвклип» сұрыпы биыл гектарына орта есеппен 70 центнерден дән берді. Сепкен күздік арпамыздың «Жасөркен» атты сұрыпының гектар түсімі де осынша мөлшерде болды.
– Келер көктемде қант қызылшасы егілетін жер де дайындалып қойылды ма?
– Ия, үш К-700, бір МТЗ 12.21 тракторларын ұтымды пайдалана отырып, жеткілікті сүдігер (зябь) жыртып алдық. Оның 400 гектары қант қызылшасы, басқа да дақылдар егу үшін керек.
Мемлекет басшысы бір кездесуде «ұлы істер қатар жүреді» дегені белгілі. Осы айтылғандай, серіктестікте небір игілікті, жақсы істердің қатар жүріп жатқаны қуантады. Солардың бірқатарын еске сала кетсек, «Сыпатай батыр» ЖШС лицензиялы тұқым шаруашылығы ретінде облысымыздан тысқары жерлерге де белгілі болып отыр. Осында өтіп жүрген аудандық, облыстық семинарлар қант қызылшасы мен дәнді дақылдарды өсірудің озық тәжірибелерін үйрену, тәжірбие алмасу мектебіне айналды.
Басқа елдердегі прогрессивті тәсілдерді өзімізде қолдануға ұмтылу да ілгерілеу тетігі. Осы мақсатта шаруашылық сыртқы байланысқа да мән бере түсуде. Бұл ретте директорлары Қанат Кеналыұлы Шайхиевтің жар құлағы жастыққа тимей, алыс-алыс сапарға шығып тұратынын, Түркияда, Францияда, жақында ғана Америкада болып, әріптестерінің тәжірибесіне зер салып, оңды жақтарын өзімізде – Меркі жерінде пайдаланып жүргеніне бәрекелді демеске болмайды.
Ал, бұдан тысқары өз ортамызда көзге көп шалына бермейтін ізгілікті қадамдар қаншама. Соның бірі — Қ.Шайхиевтің өзі бастама көтеріп, Сұраттағы мектеп жанын аббаттандырып, аллея жасауды биыл қолға алғанды.
Міне бұл әрекеті де көпшілік қуанып сүйсінгендей нәтижесін берді. Сабантойдың алдында қонақтар да, сыпатайлықтардың өздері де ынта қоя келген іс-шараның бірі де осы аллеяның ашылу салтанаты еді.
Онда сөз берілген аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков:
– Жыл басында Жаңғыру идеясына сәйкес «Сыпатай батыр» серіктестігінің басшысы Қ.Шайхиев мектеп жанында аллея жасауды ұсынды, – деді, – Біз, әрине, қолдадық. Балалар шындығында жақсы жерде тәрбиеленіп, тал егіп, еңбекке үйренсе, тазалыққа баулынса, үйге барғанда да көргенін істейді.
«Сыпатай батыр» серіктестігі ауданның ғана емес, облыстың дамып өркендеуіне үлес қосуда. Мүмкіндігі барлығынан міне, мектепке де қамқор болып, қаражат бөліп, аллея жасады. Бұл Елбасының қайырылуына іспен жауап беру, үн қосу. Дәйім осылай жағымды жаңалықтарға куә болып, жақсы жандармен бас қосайық.
Бүгінгі күнге Меркі қант зауытына 100 мың тоннадай қант қызылшасы өткізілсе, оның 50 мың тоннасы, яғни тең жартысы біздің ауданнан. Осының 19 мың тоннасы сыпатайлықтардікі. Шаруашылықтағы жақсы істер елге өнеге. Жыл бойы семинарлар, кездесулер өткіздік осында. Әлі де игі тәжірибені насихаттай беру керек.
Табыс ұлғайсын, еліміз өссін. Әрқашан жақсы істің басында, жақсылыққа ортақ болып жүрейік.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Ж.Көбейұлы, Сұраттағы ардагерлер ұйымының төрағасы Е.Жұматаев, ауыл кәриелері М.Найзабеков, Н.Омаралиев, А.Арыстанбеков, мектеп директоры А.Спанқұлова Қанатқа рахметін айтып «Сыпатай батыр» серіктестігінің жұмысына игіліктер қалады.
Бұдан соң «Ұстазға тағзым» деп аталатын осы аллеяның ашылу рәсімі болып, лентаны Ж.Көбейұлы мен М.Найзабеков қиды.
Ойлы-қырлы болып жатқан ескі мектеп орны тегістеліп, өткен көктемде 100-ге жуық қылқан жапырақты ағаш көшеттері егілді. Өрнектастар төселіп, жолдар жүргізілді. Қазіргі мектептің шығыс жағының сәнін кіргізіп, аллея бүгінгідей қалпына келуі үшін Қ.Шайхиев 2 млн теңге жұмсады.
Оқушылар мен ұстаздардың игілігіне айналған жаңа аллея мәнді де сәнді демалыс орны ретінде қажеттілікке жарай бергей.
Осы күні сыпатайлық механизатор Серік Сейітов құрметпен астына ақбоз ат мінгізіліп, шапан жабылып, зейнеткерлікке шығарып салынды. Қуанышты сәттердің бірінен соң біріне куә болып ортақтасқан аудан әкімі М.Өмірбеков пен Ж.Көбейұлы, т.б. құтты болсын айтып, лебіздерін білдірісті..
Осылардың бәрін көрген, біз де «Жақсы істер жалғасса, осылай жалғассын» деп бірге қуандық.
Бақтыбай Бектұрсынұлы,
Еркін Жасыбаев (суреттер),
«Меркі Ақиқат»