Қазақстан мен Қытай су саласына маман даярлайтын бірлескен колледж ашу мәселесін пысықтап жатыр

0
5

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қытай Халық Республикасынан келген делегациямен кездесті. Делегацияны «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжінің ректоры Чэн Мин бастап келді. Кездесуде тараптар су саласына кадр даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды baq-orda.kz Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап. 

Кездесуде Тараз қаласында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында бірлескен оқу орталығын, сондай-ақ Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің базасында білікті мамандарды даярлаудың толық циклін қамтамасыз ететін бірлескен оқу колледжін ашу мәселесі қаралды. Сондай-ақ Қытайдан оқытушыларды тарту мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар тараптар қазақстандық су саласы мамандарының ҚХР-да біліктілігін арттыру бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжі барлық бірлескен бастаманы жан-жақты пысықтау үшін арнайы жұмыс тобын құруға келісті.

«Үш шатқал» колледжі Қытайдың су саласына кадр даярлау бағытындағы жетекші оқу орындарының бірі екенін ескерсек, бұл бағыттағы ынтымақтастықтың әлеуеті өте жоғары деп санаймыз. Тараз қаласында бірлескен оқу орталығы мен оқу колледжін ашу жөніндегі жобалар кадр даярлау жүйесіне тың серпін береді деп сенемін. Бұл академиялық алмасуды, біліктілікті арттыру бағдарламаларын, ғылыми тағылымдамаларды және қазақстандық мамандарды оқытуды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Comments are closed.